Тоқаев Гвинея Президентімен парламентаралық байланыстарды нығайту мәселесін сөз етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым мен техника саласындағы алғашқы саммитіне қатысу үшін келген Гвинея Президенті, Африкалық Одақ басшысы Альфа Кондемен кездесті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша өткен форумға қатысқаны үшін Қ.Тоқаев мәртебелі қонаққа алғыс айтты. Гвинея президенті Елбасының ислам әлемін жақындастыруға және ғылыми, технологиялық және экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады.

«Бұл өте маңызды Саммит, өйткені қазір біз атқарып отырған істің орны ойсырап тұрған», - деді А.Конде.

Кездесу барысында Африкалық Одақтың даму келешегі және Қазақстанның осы ұйыммен өзара байланыстары талқыланды.

Қ.Тоқаев Қазақстан Африка құрлығындағы мемлекеттермен достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті.

Сенат спикері А. Кондедің төрағалығы кезінде Африка елдерінің бірлігі айтарлықтай нығайып, Африка Одағының халықаралық беделі өскенін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Гвинея арасындағы ынтымақтастық пен парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері де талқыланды.