Президент Ирандағы жағдайға байланысты қауіпсіздік мәселелері бойынша тапсырма берді

Фото: Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты қауіпсіздік жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілгені айтылған.

— Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды, — деп хабарлады Айбек Смадияров.

Айта кетейік, Израиль бүгін Тегеранға «превентивтік соққы» жасады

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Алматы мен Астанадан ұшып шыққан ұшақтар кері оралатыны белгілі болды.

Иран Израильге қарымта жауап ретінде бірнеше зымыран жіберді.

Ал Қазақстанның СІМ Ирандағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.