Тоқаев: Каспийді сақтап қалу – жауапкершілік әрі арымызға сын

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжанғанын жеткізді.

– Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экологиялық түйткілдерге халықаралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанына тоқталды. 

– Біз табиғатты аялау құндылықтарын насихаттау қажет деп ойлаймыз. Бұл қағидаттардың жаңа Конституциямызда көрініс табуы бекер емес. Негізгі заң азаматтарды табиғат пен оның байлығына жанашырлықпен қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамдардың тұрмысы мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекетке жауапкершілік жүктейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Біз қарапайым әрі іргелі қағидаттарды басшылыққа аламыз. Экономикалық даму мен табиғатты қорғау өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтыратын мақсаттар саналады, – деді Президент.

Айта кетелік Каспий итбалықтарының саны миллионнан 270 мыңға дейін азайған.