Тоқаев: Қазақстан 2029 жылға қарай 100 мың шетелдік студентті қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды.

Оның айтуынша, бұл жетістіктерге Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылы маусым айындағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы септігін тигізді.

– Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия мен одан тысқары жерлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын айтты.

– Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.