Тоқаев Қазақстан-Ресей әріптестігі қай бағыттарда терең дамитынын атады

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Қазақстан-Ресей әріптестігі саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге бағытталады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен өткен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемесінде осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа айтқанымдай, келіссөздер мемлекеттеріміз арасындағы әріптестіктің барлық қырларын қозғады. Байланыс саласы болсын, экономикалық салада да, инвестиция саласында да және әрине негізгі халықаралық проблемаларға деген көзқарастарымыз талқыланды. Қазақстан-Ресей күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды ашық әрі өзара сенім тұрғысынан талқыладық.

Елдеріміздің арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамып жатқанына көңіліміз толатынын атап өттік. Өзара тиімді әріптестіктің орасан әлеуетін ескере отырып, саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге екі жақ та талпынатынын растадық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының астанасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысының Ресейге жұмыс сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды.