Тоқаев Қазақстан, Түркия, Әзербайжан басшыларының кездесуін Ақтауда өткізуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан, Түркия және Әзербайжан Президенттерінің кездесуін Ақтауда өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл маусым айында Бакуде үшжақты форматтағы кездесу өтті. Біз бұл дәстүрді жалғастыруға ниеттіміз. Келесі басқосуды Ақтауды өткізуді ұсынамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өтіп жатқан Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысында

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери техника, денсаулық сақтау, фармацевтика, жоғары білім және цифрландыру саласында басымдық берілген жобалар бар екендігін айтты.

«Дегенмен, екі елдің осы бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары дамыту әлеуеті бұдан әлдеқайда зор», - деді ҚР Президенті.