Тоқаев Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді «көрнекті мемлекет қайраткері» деп санайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Ақорда

– Осы мәселеге қатысты жеке ұстанымымды түсіністікпен қабылдағаны үшін Президент Путинге ризашылығымды білдіремін. Өйткені бәріміз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей Президенті де Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекет қайраткері деп санаймын, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол Путинді Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін, Еуропа және бүкіл әлем үшін оңтайлы тұлға деп санайтынын айтты.

– Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Әрине, бәріміз Украинада болып жатқан жағдайға алаңдаймыз, – деді Президент ARD телеарнасының сұрағына жауап бере отырып.

Мемлекет басшысы Қазақстанның әуел бастан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін ұстанып келе жатқанын атап өтті.

– Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді, – деді Қазақстан Президенті.

Ол Ресей де, Украина да Қазақстанның жақсы достары екенін атап өтті.

– Ресейге қатысты Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырым болатын ортақ шекара бар екенін ұмытпау керек. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл осы елмен достық қарым-қатынасты дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Қазақстан аумағында еліміздің 2,7 миллион ресейлік этнос өкілі тұрады. Елімізде православ шіркеуі де бар, біз оған үлкен құрметпен қараймыз. Сондықтан осы жайттардың барлығын ескеру қажет. Мәселеге бірден кесіп шешім шығаруға болмайды.

Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз. Қазір біз дамуымызда елеулі жетістіктерге жетіп келеміз. Көрсеткіштер алға қарай ілгерілеу бар екенін нанымды көрсетіп отыр. Сондықтан Президент ретінде елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Бұл Қазақстанмен көршілес аумақта бейбітшілікке қол жеткізуге және соғысты тоқтатуға қолдан келгенше үлес қосу үшін қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдады. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді.