Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның индустриалдық әлеуетін дамытуға China Nonferrous Metal Mining тобының атсалысуын жоғары бағалады. Компания халықаралық тау-кен және металл өндірісінде мол тәжірибе жинақтаған.
Президент Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауыты салына бастағанын ерекше маңызды оқиға деп атады. Бұл жоба Абай облысының экономикасын және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін өркендетуге тың серпін береді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қытай Қазақстанның сауда-инвестиция салаларындағы негізгі стратегиялық және экономикалық серіктестерінің бірі саналады, ал бүгін басталған зауыт құрылысы екі елдің ынтымақтастығы қарқынды ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.
СNMC басшысы Вэнь Ган ауқымды жобаны жүзеге асыруға сенім артқаны, сондай-ақ салтанатты рәсімге қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Вэнь Ган Қазақстан Президентіне СNMC құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізетінін және озық технологияларды қолдана отырып, бекітілген мерзімде аяқтайтынын, сондай-ақ өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жергілікті маман даярлау және тәжірибе алмасу салаларында ынтымақтастықты кеңейтеді.
Кездесу соңында аталған зауыт Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның тағы бір табысты үлгісіне айналып, металлургия мен терең өңдеу бағытындағы бірлескен жұмысқа жол ашатыны атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысқанын хабарлағанбыз.