Тоқаев: Климаттық өзгерістердің салдарын шешуде БРИКС-тің әлеуетін де пайдалану керек

ҚАЗАН. KAZINFORM – Климаттық өзгерістердің салдарын шешуде БРИКС-тің орасан зор әлеуетін де пайдалану керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің XVI саммиті пленарлық отырысының «БРИКС+»/«аутрич» форматындағы жиынында айтты.

Фото: Ақорда

«2023 жылы біздің сыртқы сауда айналымның жартысына жуығын құраған Қазақстанның бірлестік елдерімен саудасының серпінді өсуін қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Біз сауда және инвестиция, IT-технологиялар, маңызды пайдалы қазбалар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм сияқты негізгі секторлардағы өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге ұмтыламыз. Қазақстан БРИКС кеңістігінде транзиттік-көлік ынтымақтастықты нығайту үшін тығыз өзара іс-қимылға дайын. Еліміз «Пойыз бен жол» бастамасын, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға ерекше мән береді. Олардың Каспий теңізімен Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен түйіндесуі ұзақ мерзімді перспективада әлемдік саудаға қуатты мультипликативтік әсер бере алады», - деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін БРИКС аясында сенімді серіктестік қатынас орнатуға ұмтылатындығын бас айтты.

«Біз мұнай мен газды, сондай-ақ маңызды пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы қолданыстағы жобаларды ілгерілетуге және іске қосуға мүдделіміз. Су тапшылығы, температураның күрт көтерілуі және шөлейттену сияқты климаттық өзгерістердің салдарын шешуде БРИКС-тің орасан зор әлеуетін де пайдалану керек. БРИКС аясындағы күш-жігеріміз Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланыстылықты барынша арттырып, мемлекеттердің дамуындағы теңгерімсіздікті жояды, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай нығайтады және жаһандық прогреске жағдай жасайды деп сенемін», - деді Президент.


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. 
Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді. 
ҚР Президенті және өзге БРИКС саммитіне қатысушылар бірге суретке түсті.