Тоқаев қытайлық ғалымдарға Қазақстанның өзгермелі әлемге көзқарасы жайлы әңгімелеп берді

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның парламенттік делегациясы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қытайға барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Ресми сапар барысында делегация Қытай халықаралық мәселелер институтына барды, онда Қытай ғылыми бірлестігі өкілдерімен (Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясы, ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы Даму зерттеу орталығы және т.б.), ҚХР-да аккредиттелген Қазақстан, Ресей, Тәжікстан дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен, Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Украина дипломаттарымен, Қазақстандағы ҚХР-дың бұрынғы елшілері Чжан Дэгуан, Чжоу Сяопэй және Яо Пэйшэнмен, сондай-ақ Бейжің ЖОО-ларында оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.
 

Қ.Тоқаев «Құбылмалы әлем: Қазақстанның көзқарасы» тақырыбында сөз сөйледі. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың 25 жылдығы қарсаңында әлемдік даму мен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы келешегінің негізгі үрдістері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
 

Сенат Төрағасы Қытайдың алдыңғы қатарлы ғалымдары мен саясаттанушылары алдында қазіргі халықаралық жайғдайларға қазақ және қытай тілдерінде терең талдау жасады. Ол қытайлық әріптестерін «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жүзеге асуы, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің құрылысы, Еуразиялық жоғары жылдамдықты мультимодальді көліктік бағыты жобасы жайлы хабардар етті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы транзитте маңызды рөл ойнайтын көліктік-логистикалық хаб ретінде әлі де дами түседі.

 

 

ҚР Парламенті Сенатының басшысы бүгінгі таңдағы Таяу Шығыстан ағылған босқындар мәселесі, Таяу Шығыс елдерінің 2011-2015 жылдар ішінде «араб көктемінен» шеккен зардабы, заңсыз көші-қон тасқынының әлемдік саясаттағы ахуалға елеулі ықпалы туралы айтып өтті.

«25 жыл бұрын қырғи-қабақ соғыс аяқталысымен халықаралық қатынаста «мамыражай дәуір» туады деген қиял пайда болды. Алайда, ол үміт ақталмады. Тіпті, биполярлы бақталастықтан асып түспесе, кем түспейтін қатаң тайталас пайда болды. Бірақ, бұрын ол тайталас екі түрлі саяси жүйе мен идеологиялық блоктардың текетіресінен болса, қазірде бұл жетекші мемлекеттердің ұлттық-стратегиялық мүдделерінің алауыздығынан орын алуда. Оның үстіне, өз мүдделерін қарулы күшпен қорғау жағдайлары өршіп тұрған уақытта әскери қақтығыстардың орын алу қаупі зор.

Бүгінде көріп отырғанымыздай, қақтығыстардың көбеюі мен олардың ауқымының күрт өсуі экономикалардың күйреуіне, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлауына және жаппай көші-қон сияқты тамыры терең қатерлерге душар етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулері бойынша, Таяу Шығыс елдерінің 2011-2015 жылдар ішінде «араб көктемінен» шеккен зардабы 614 миллиардқа жеткен. Әлемдегі босқындардың саны 65 миллионнан асады.

Заңсыз көші-қон тасқыны әлемдік саясаттағы ахуалға елеулі ықпал ететін жаңа факторға айналды. Еуропаның Таяу Шығыстан ағылған босқындар мәселесін шеше алмауы ұлтшылдықтың күшеюіне алып келді. Нәтижесінде Еуропалық Одақ ішінде үлкен қарама-қайшылықтар пайда болып, Ұлыбританияның Одақ құрамынан шығуына тура келді», - деді.

Одан бөлек Тоқаев БРИКС, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, АСЕАН сияқты аймақтық ұйымдардың әлемдік саясатта атқаратын ауқымды рөліне тоқталды.

«Осыдан 25 жыл бұрын БРИКС, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, АСЕАН сияқты аймақтық ұйымдардың әлемдік саясатта атқаратын ауқымды рөлі туралы ойлаудың өзі қиын болатын. Ал, бүгінде аталған аймақтық құрылымдардың ұстанымдарымен санаспауға болмайды. Көпполярлық қазіргі әлемнің маңызды шартына айналды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық қатынастардағы орнына келсек, әмбебап күн тәртібімен ерекшеленетін бұл ұйымның маңызы күн санап өсуде, алдағы уақытта Үндістан, Пәкістан, Иран және басқа да мемлекеттердің ұйым құрамына кіруі - соның дәлелі. 

1992 жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгінде біздің ұлан-ғайыр құрлығымыз үшін қауіпсіздік жөніндегі диалогтің ұтымды алаңы болып табылады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне Қытайдың төрағалық етуі және осы құрылымның 4-саммитінің Шанхайда табысты өткізілуі Кеңестің халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай арттырды. Енді Кеңесті (АӨСШК) халықаралық ұйымға айналдыру жөнінде бірлесіп шешім қабылдау қажет. Бірақ, бұл өзара келісімді талап ететін ұзақмерзімді жұмыс екенін біз жақсы түсінеміз», - деді спикер.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің 2003 жылы ұсынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасының аса өзекті болып шыққаны туралы айтты.

«1990-жылдардың басында белгілі ғалым С.Хантингтонның «өркениеттердің қақтығысы» зерттеуін сынға алу сәнге айналған еді. Алайда, ақиқатын айту керек, бірқатар көрсеткіштер бойынша бұл теория шындыққа айналды. Дау-жанжалдар мен келіспеушіліктер негізгі діндер арасында ғана емес, бір конфессия ішінде: шииттер мен сүнниттер, православтар мен католиктер арасында орын алуда. Бұл жағдайда Қазақстан Президентінің 2003 жылы ұсынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасының аса өзекті екені сөзсіз. Барлық дін лидерлері жаһанға төнген сын-қатерлерді түбегейлі жою үшін белгілі саясаткерлермен, Мемлекет басшыларымен, үкімет басшыларымен және халықаралық ұйым басшыларымен бірге бір үстелдің басына жиналып, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

2015 жылы маусым айында өткен Бесінші Съезд форумды жетекші діни және саяси лидерлер диалогінің деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының  Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқа да беделді саясаткерлер қатысты. Форум қатысушылары бесінші Съездің қорытынды құжатында «тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу» мақсатында діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалогіне қолдау көрсету жөнінде міндеттеме қабылдады. Құжатта «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес діндерге және сол дінді ұстанушыларға қарсы соғысқа ұласып кетпеуі қажет» деген салмақты ескерту бар. Осылайша, Съезд қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бірлесе төтеп берудің жолдарын іздестіретін лайықты диалог алаңына айналды», - деді ол.  

Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстан мен Қытаймен өзара белсенді іс-қимыл жасайтынына сенім білдірді.

«Қазақстан алдағы екі жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, бұл бізге «Ұлттар шаңырағының» негізгі органында өз күн тәртібімізді ұсынуға мүмкіндік береді. Қазақстан негізгі көкейтесті мәселелер, оның ішінде Сирия мен Украина және өзге де түйіндер бойынша дауыс беретін болады. Серіктестеріміздің қолдауымен барша адамзатқа ортақ игілік пен гүлдену жолында әлемді өзара терең түсіністік пен ынтымақтастыққа жақындату мүмкін болады деп сенеміз.     

Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылады. Біріккен Ұлттар ұйымындағы Қытайдың рөлі айтарлықтай күшейді. Сіздердің елдеріңіз дүниежүзінің ең «қауіпті ошақтарына» өз бітімгерлерін жіберіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне елеулі қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Қытай әлем мойындаған экономикалық алып держава ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті түйіндері бойынша салмақты шешім ұсынатын негізгі мемлекеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде біз Қытаймен өзара белсенді іс-қимыл жасаймыз деп сенеміз», - деді ол.