Тоқаев «Атлетико Мадрид» бас директорын «Достық» орденімен марапаттады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орденьді Мигель Анхель Хиль Маринге Қазақстанда футболдың дамуына қосқан үлесі үшін табыстады.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдағанын хабарлағанбыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубымен табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базасына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламасына белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі жалғасуда.

Бұдан бөлек, Президент ФИФА-мен бірге барлық өңірде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанына назар аударды.