Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету және мықты технологиялық командалар жасақтау өте маңызды деп санайды. Оның айтуынша, индустриялық міндеттерді орындайтын мұндай команда құрамына ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар мен стартаптар экожүйесінің өкілдері енуі қажет.
— Сонымен қатар AI Challenge механизмін қолданған жөн. Бұл іске «цифрлық көшпелілер» мен талантты жастарды тартуға болады. Формат әр тапсырманың ерекшелігіне қарай бейімделуге тиіс. Яғни команданы ашық іріктеу мен міндеттерді айқындаудан бастап, ізденіс нәтижелерін шынайы өндірісте сынауға дейін икемді болғаны жөн. Деректер, есептеу ресурстары және өндіріс инфрақұрылымы командаларға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте тапсырыс беруші тысқары қалмай, үдерістің әр кезеңіне қатысуы қажет. Әйтсе де ЖИ және DeepTech санатындағы өнеркәсіп жобаларына, әсіресе, технологиялық тәуекелдері көп, коммерциялық тиімділігі дәлелденбеген бастапқы кезеңде уақыт пен ресурс керек екенін мойындаған жөн. Үкімет бастапқы тәуекелдерді азайтуға көмектесіп, жеке капиталды тартуға жағдай жасауы керек. Кейінірек перспективті жобалар, негізінен, нарықтық ортада дамуға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, AI-Sana бағдарламасы өндірістегі нақты міндеттермен тығыз байланысты болғаны жөн. Дарынды жастар экономиканы жаңғырту ісінде тәжірибе жинақтауы керек.
Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте пайдалану міндеттерін шешудің бірыңғай механизмін құру жөнінде тапсырма берілді. Оның аясында лайықты команданы таңдаудан бастап, нәтижені сынақтан өткізу және экономикалық тиімділігін бағалау кезеңдері түгел қамтылуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілген шешімдерді жаппай таратудың анық әрі оңтайлы тетіктерін құру қажеттігіне назар аударды.
— Көптеген перспективті шешімдер пилоттық жоба сатысынан сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар, күрделі сатып алу үдерістері мен заңнамалық шектеулер салдарынан аяқсыз қалады. Бұл кәсіпорындардың пайда табуына және әзірлеушілердің нарықтық мүмкіндіктеріне кедергі келтіреді. Тиімді тәсілдерді коммерцияландырудың айқын тетігі болуы керек. Оны өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарда қайта сынақтан өткізудің қажеті жоқ. Ұтымды отандық шешімдерге де баса назар аударған дұрыс. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды тез арада коммерцияландыру және кеңінен тарату жолдарын қарастыруды ұсынамын. Экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдерді іске асыруда артық кедергілерден арылған абзал, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді.