«Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Осы мақсатта Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеу мен қабылдау ұсынылады», - деді Президент.
Қазақстан Президенті шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
«Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңір ішіндегі сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия-Ресей» саммиті басталды.
Жоғары деңгейдегі кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері қатысуда, олар алтыжақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Орталық Азияның жекелеген елдеріндегі шекара мәселесіне пікір білдірген еді.
Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Орталық Азия елдері мен халықтарының негізгі мүдделеріне сүйене отырып, жаңа қауіптердің алдын алу және оларға уақтылы жауап қату үшін пәрменді құралдарды әзірлеу қажеттігін айтты.
Фото: t.me/bort_01