Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды

Фото: Ақорда

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

— Біз әлемнің әр түкпірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық.

— Бүгін орнатылған стратегиялық серіктестігіміз бен қол жеткізген уағдаластықтарымыз екі елдің игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы берік, баянды болып, болашаққа жалғаса берсін. Менің бауырым, қадірлі Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф мырзаның биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін асыға күтемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Қазақстан мен Пәкістан ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаласқанын жаздық.