Сонымен қатар ел ел президенттерінің қатысумен өткен келіссөзден кейін, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен ресейлік «Росатом» арасында Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы, сондай-ақ оның құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттік экспорттық несие беру туралы үкіметаралық келісімдермен алмасты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен РФ Оқу-ағарту министрлігі арасында елімізде «Қазақстан-Сириус» халықаралық жалпы білім беру мектебі мен дарынды балалармен және жастармен жұмыс істеу орталығын құру туралы, сондай-ақ оның қызметі жөнінде үкіметаралық келісіммен алмасты.
Мұнымен қоса екі энергетика министрліктері арасында мұнай саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы үкіметаралық келісімді бекітті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен РФ Жоғары білім министрлігі Ресей азаматтарының Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Омбы қаласындағы филиалында оқу шығындарын қаржыландыру туралы ведомствоаралық келісіммен алмасты.
Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық банкі мен РФ Орталық банкі арасында алаяқтық операцияларға қарсы іс-қимыл мәселесі жөніндегі меморандумды бекітті.
ҚР Көлік министрлігі мен РФ Көлік министрліктері арасында көліктегі цифрландыруды дамыту саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Экологиялық, технологиялық және атомдық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі арасында 2026-2030 жылдарға арналған ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарымен алмасты.
ҚР Денсаулық министрлігі мен РФ Тұтынушылар құқықтарын қорғау федералдық қызметі ведомствоаралық ынтымақтастық бойынша практикалық іс-шаралар жоспарымен алмасты.
Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Ресей темір жолдары» ААҚ жүк тасымалын цифрландыруды дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.