Тоқаев пен Си Цзиньпин – өз жауапкершілігін толық түсінетін көшбасшылар - саясаттанушы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңге ресми сапары барысында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Мұнымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Осы орайда, белгілі Ресей саясаттанушысы, Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Аркадий Дубнов, өңірдің экономикалық өркендеуі жолында Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының алатын орны жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: akorda.kz

- Си Цзиньпин Қазақстанда болған сәтінде тұңғыш рет «Бір белдеу, бір жол» ауқымды бастамасын жариялады. Одан бері арада 10 жыл өтіпті. Жоба қаншалықты сәтті болды деп ойлайсыз? Мұның Қазақстанға әсері қандай болды?

- Бұл – менің есімде қалған үлкен ауқымдағы жобалардың бірегейі. Қытай өзі серпінді экономикалық даму сатысына өткен кезеңде көрші елдерге бағыттап, осы жоспарды жасады. Олардың ішінде Еуразия құрлығының орталығында орналасқан, аумағы бойынша ең үлкен мемлекет – Қазақстан да бар. Бұл жобаның одан әрі маңыздылығын арттырды.

Менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» жобасының әлеуетін жақсы түсінеді. Ол сондай-ақ, Ресей бастаған ЕАЭО елдері арасындағы еуразиялық жоба мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бір-бірімен байланыстырмай, екі бөлек қарастырады. Өйткені, оның алғашқысы бұрыннан жұмыс істеп тұр, ал екіншісі тек қаражат табуға негізделген.

- Әлемдегі геосаяси оқиғалар мен жағдайлар «Бір белдеу, бір жолды» және Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен жобаларды іске асыруға әсер етуі мүмкін бе?

- Қасым-Жомарт Тоқаев өз елінің маңызын және бүкіл өңір үшін аса жауапты екенін түсінеді. Мұны форумда ғана емес, сонымен қатар басқа да әлемдік мінберлерден айтып, үнемі еске салып жүр.

Мен Тоқаевтың форумда: «Біз қазір аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүріп жатырмыз», - деген сөзіне назар аудардым. Ол осы сәтте жұмыс істеп, игілігін көрсетіп отырған «Бір белдеу, бір жол» жобасына ден қою қажеттігіне тоқталды. Бұл пайыммен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин де келісіп отыр. Ол халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қазақстан мен Қытай өздерінің бастапқы ұстанымынан айнымайтынын, бір-біріне қолдау көрсететінін атап өтті.

Си Төраға әлемдегі жағдайдың күрделі екенін және одан келетін қауіпті жақсы түсінеді. Осы ретте Тоқаевтың жақында жасаған мәлімдемесі ойға оралады. Ол Қазақстанның міндеті Шығыс пен Батыс арасындағы шиеленістің алдын алу екенін айтты. Бұл – өз жауапкершілігін толық түсінетін қос көшбасшының мәлімдемелері.

- Президент Тоқаевтың Қытайға ресми сапары кезінде құны 16,5 млрд доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде инвестиция, сауда келісімдері, технологияларды өндіріске енгізу, несие желілерін ашу туралы шарттар бар. Сіз қай жобаларды Қазақстан үшін аса маңызды деп санайсыз?

- Мен жоспарлар мен бірлескен жобалардың ауқымын айтпай қала алмаймын. Мәселен, маңыздыларды бірі – Қытайдың қолдауымен құны 7,7 млрд доллар болатын полиэтилен зауыты салынады. Қалған барлық жобалар – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы көліктік-логистикалық, тіпті цифрлық хабқа айналуына бағытталған Қытай тарапының көмегі.

- Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи қарым-қатынастың 30 жылдығы жайлы жиі сөз болды. Осы ретте «Бір белдеу, бір жол» жобасын жетілдірудегі екі елдің перспективаларына қандай баға бересіз?

- Бұл жерде әңгіме Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығы екінші 30 жылдыққа аяқ басқаны жайлы. Ол бірінші кезекте екі ел үшін де анағұрлым жемісті және тұрақты болады деп күтіледі. Сондай-ақ, оның барлық өңір үшін де игілігі мол.

Материалды Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған, tengrinews.kz порталынан алынды.