Тоқаев сабыр сақтап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған ел азаматтарына алғыс білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған ел тұрғындарына ризашылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

« Қадірлі отандастарым, мен сіздерді мақтан тұтамын. Осы күндері сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салған Қазақстан азаматтарына алғыс білдіремін. Арандату мен деструктивті ұрандарға қарамастан заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар. Ірі қалалардағы студенттерге, еңбек ұжымдарының мүшелеріне, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының жұмысшыларына азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс айтамын. Наразылықтың бейбіт тәртібін сақтағаны үшін өңір тұрғындарына ризашылығымды білдіремін », - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін .

Мемлекет басшысы бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрі ескерілетінін баса айтты.

«Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.