Тоқаев Сот төрелігі туралы ережеге өзгерістер енгізуге қатысты құжатқа қол қойды

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы» 2021 жылдың 26 маусымындағы №643 ҚР Президенті Жарғысына өзгертулер туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжат Сот төрелігі туралы ережеге өзгерістер енгізеді. Атап айтқанда, қазылар алқасының құрамы нақтыланды: енді оның құрамына әртүрлі инстанциядан 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауысы құқығы бар заң қоғамдастығының екі өкілі кіреді.

«Заңдылықтың өрескел бұзылуы» түсінігіне анықтама берілген. Бұл судьяның теріс ниет немесе немқұрайлылық салдарынан заңның анық және елеулі түрде бұзуын білдіреді.

Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімдері, сондай-ақ жоғары тұрған соттардың ұсыныстарын қарау тәртібі егжей-тегжейлі көрсетілген. 20-тармақ алынып тасталды, ал 21-1 және 21-2-тармақтары жаңа редакцияда жазылды.

Азаматтардың, заңды тұлғалардың өтініштері немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардан ақпарат түскен жағдайда судьяларға тексеру жүргізу қағидалары жаңартылды. Тексерулер жүргізуге және өтініш берушілерді кейіннен хабардар етуге жауапты нақты инстанциялар белгіленді.

Сондай-ақ тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау және Сот төрелігінің шешімдерін тиісті сот органдарына жолдау тәртібі туралы ережелер жаңа редакцияда жазылды.

Жарлық 2025 жылдың 1 шілдесіне күшіне енеді және ресми жариялануы тиіс.

Осыған дейін Президент сот актілерін мәжбүрлеп орындату бойынша ақпарат алмасу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы жаздық.