«Бүкіл өңірдің өмірі үшін маңызды болып отырған су тақырыбы жағымды рәуіште қаралды. Орталық Азияның су ресурстарын, трансшекаралық өзендерді пайдалану тәсілдеріміздің ұқсас екенін, сондай-ақ, конструктивті әріптестікті нығайтып, өзара қолайлы шешімдерді іздеу қажеттігін тағы бір нақтыладық. Бұл мәселеде Аралды құтқару қорына ерекше рөл артылып отыр. Қазақстан Тәжікстанның осы қорда төрағалық етуін жоғары бағалайды», - деген Мемлкет басшысы Тәжік тарапына Душанбедегі қыркүйекте өтетін Аралды құтқару халықаралық қорының саммитін сәтті өткізуіне тілектестік білдірді.
«Өз тарапымнан Тәжік тарапына Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қалтқысыз қолдап келе жатқаны үшін алғыс айттым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президентімен келіссөздің қорытындысына көңілі толатынын айтты.
«Құрметті Эмомали Рахмонның сапары мемлекеттеріміз арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін. Қол жеткізілген уағдаластықтар қазақ-тәжік қарым-қатынастарын нығайту тұрғысынан айрықша маңызға ие және елдерімізді одан әрі жақындастыруға деген адал ниетіңіздің жарқын айғағы болып табылады. Біз, сондай-ақ, бауырлас халықтарымыздың әл-ауқаты мен өркендеуі үшін көпжоспарлы қазақ-тәжік ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін бар күшімізді саламыз», - деді Президент.
Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.
Бүгін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде биыл Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналуы мүмкін екенін айтты.