— Ата заңға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-президенттің және Премьер-министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды — Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын, — деді ол.
Сонымен қатар, Президент Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайтынын айтты.
— Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттер біздің пікірімізге құлақ асатыны жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.