2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Тоқаев Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді.

Фото: Ақорда

Ақорданың хабарлауынша, жобаны әлемдегі биологиялық ашыту саласы көшбасшыларының бірі — қытайлық Fufeng Group компаниясы іске асырады. Өндірістік кешенді инвестициялаудың алғашқы кезеңіне 350 миллион доллар жұмсалды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.

Фото: Ақорда

Екінші кезеңде кәсіпорынның жүгері өңдеу қуатын жылына 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту және шығарылатын өнім түрлерін арттыру қарастырылған. Бұл кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 миллиард доллар болады.

Фото: Ақорда

— Өнеркәсіп паркін құру 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға және елімізде жүгері дәнін терең өңдеу бойынша толық өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді ілгерілетуге, Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді.

Еске салайық, мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу көзделіп отырғанын айтқан еді.