— Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан «Қазақстан — Сириус» мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық жүйелердің білім саласына әсерін қаперге алу қажет деп санайды.
— Заманауи технологиялар санаулы секундтарда дайын жауап алуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — балаларды өз бетінше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сараптауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жастардың өзі бізді, аға буынды қазіргі заманға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек және жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтерге жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданудың пайдасын түсіндіретін бірлескен жобаны әзірлеуге болады деп ойлаймын, — деді Мемлекет басшысы.
Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты.
– Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсыныстар, сайып келгенде, мемлекеттер арасындағы сенім капиталын жоғары технологиялар саласындағы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа табыстармен толықтыруды көздейтінін айтты.