Deutsche Welle: Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі
Немістің Deutsche Welle басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарына орай екі елдің экономикалық байланыстарына арналған материал жариялады. Басылым Қазақстанның Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі екенін атап, өңір елдерімен арадағы жалпы тауар айналымының шамамен 80%-ы Қазақстанға тиесілі екенін жазды.
Осы ретте DW шикізат пен энергетика саласындағы ынтымақтастыққа назар аударған. Басылымның мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан Еуропалық одақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13,4%-ын, көмірдің 9%-дан астамын қамтамасыз еткен. Ал өткен жылы Германияға 10,3 млн тонна мұнай жеткізілген.
Алайда екі елдің экономикалық байланысы мұнай мен басқа да шикізат ресурстарымен шектелмейді. DW Қазақстан мен Германияның сауда-саттықты әртараптандыруға, инвестиция тартуға және өндірісті жергіліктендіруге ұмтылып отырғанын атап өтеді. Бірлескен декларацияда металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машина жасау перспективалы бағыттар ретінде көрсетілген.
Бұл мақсаттар 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасында да көрініс тапқан. Құжат бірлескен өндірістер ашу, стратегиялық маңызы бар материалдарды өндіру және өңдеу, Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруды көздейді.
Экономикалық байланыстардың тағы бір маңызды бөлігі – көлік-логистика. Осы тұрғыда DW Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын атап өткен. Қазақстан Президентінің Handelsblatt басылымындағы мақаласына сүйенген DW дерегінше, биылғы алғашқы сегіз айда бұл бағыттағы жүк тасымалы 22%-ға өскен.
Басылым экономикалық ынтымақтастықтың саяси және географиялық факторлармен байланысына да тоқталған. Атап айтқанда, Қазақстан мұнайының Германияға жеткізілуі Ресей аумағындағы транзиттік инфрақұрылымға ішінара тәуелді екені айтылған. Осы контексте DW Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты пікірлерін келтіреді.
Материалдың бұл бөлігі Қазақстан мен Германияның халықаралық құқыққа қатысты ортақ ұстанымдарына ұласады. DW екі ел президенттерінің Бірлескен декларацияда мемлекеттердің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидатына бейілділігін растағанын жазады. Сондай-ақ тараптар БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинада бейбітшілік орнатуды қолдайтынын мәлімдеген.
Der Spiegel: Қазақстан Германияға мұнай жеткізілімін арттырмақ
Немістің Der Spiegel басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары аясында Қазақстан мұнайының Германия нарығындағы маңызына назар аударды.
Германия канцлері Фридрих Мерцпен бірлескен баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұнай жеткізілімін арттыруға ниетті екенін мәлімдеді. Ал Фридрих Мерц Германияның Қазақстан мұнайына қызығушылық танытып отырғанын айтып, Берлин үшін жеткізу көздерін әртараптандыру маңызды. Дегенмен тараптар мұнай көлемін нақты қанша көлемде ұлғайтатынын жариялаған жоқ.
Бұл ретте басылым Қазақстан мұнайының Шведт қаласындағы PCK мұнай өңдеу зауыты үшін маңызына тоқталады. Ресей мұнайын жеткізу тоқтағаннан кейін қазақстандық мұнай зауыттың негізгі шикізат көздерінің біріне айналған. Көктемге дейін мұнда өңделген мұнайдың шамамен бестен бірі Қазақстаннан жеткізілген.
Алайда қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу бағытында қиындық кездескен. Мамыр айында Ресей «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының Бранденбургке транзитін тоқтатқан. Осыдан кейін PCK зауыты балама жеткізу жолдарын, соның ішінде Польша арқылы тасымалдау мүмкіндігін қарастыра бастаған.
Мұнай мәселесімен қатар, Der Spiegel Қазақстанның халықаралық ұстанымына да назар аударған. Басылым Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігі туралы мәлімдемесін, сондай-ақ Қазақстанның Ресей және Украинамен қарым-қатынасына қатысты пікірлерін келтіреді.
Euronews: Қазақстан мен Германия шикізат пен жаңа технологиялар бағытында ынтымақтастықты күшейтпек
Euronews Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары барысында шикізат саласындағы ынтымақтастық негізгі тақырыптардың бірі болғанын жазды. Германия жеткізушілер аясын кеңейтуге ұмтылса, Қазақстан шикізат экспорттаушы ел ретіндегі рөлін өнеркәсіптік серіктестікпен толықтыруға мүдделі.
Қызығушылық екі ел арасындағы сауда байланыстарынан да көрінеді. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналады. Германияның өңір елдерімен жалпы саудасының шамамен 80%-ы Қазақстанға тиесілі.
Осы ретте стратегиялық маңызы бар шикізат ынтымақтастықтың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Қазақстан Еуропалық одақ стратегиялық маңызды деп белгілеген 34 түрлі шикізаттың 21 түрін өндіреді. Астана Германияға оларды тек өндіру және жеткізуді емес, Қазақстанда өңдеп, дайын өнім шығаруды қамтитын бірлескен өндіріс тізбектерін құруды ұсынып отыр.
Экономикалық серіктестіктің тағы бір бағыты – көлік және логистика. Euronews Қазақстанның географиялық орналасуы оны Еуропа мен Азия арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналдыратынын атап өтеді. Әсіресе, Каспий теңізі арқылы өтетін балама сауда бағыттарының әлеуеті жоғары.
Осы бағыттарды жүйелі түрде дамыту үшін Қазақстан мен Германия 2026-2028 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын қабылдауға келісті. Құжат стратегиялық маңызы бар шикізат, өнеркәсіптік және технологиялық кооперация және тұрақты жеткізу тізбектерін дамыту мәселелерін қамтиды.
Ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде дәстүрлі экономикалық бағыттармен қатар энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобаларға да басымдық берілмек.
The Caspian Post: Қазақстан мен Германия жаңа бірлескен жобаларды дамытуға ниетті
The Caspian Post басылымы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Фридрих Мерцтің келіссөздер барысында екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жазды. Тараптар өзара байланысты кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өткен.
Келіссөздердің негізгі бағыттарының бірі сауда-экономикалық байланыстар болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Қазақстанның негізгі сауда серіктестері мен жетекші шетелдік инвесторларының қатарында екенін атап өтті. Өнеркәсіп, стратегиялық маңызы бар минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау мен химия өнеркәсібі перспективалы бағыттар ретінде аталды.
Экономикалық ынтымақтастықтың ауқымы нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Басылымның мәліметінше, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетіп, 13,4%-ға өскен. Соңғы 21 жылда Германияның Қазақстанға салған инвестициясы 8 млрд долларды құраған. Ал бірлескен инвестициялық портфельде жалпы құны шамамен 54 млрд доллар болатын 40 өнеркәсіптік жоба бар.
Ынтымақтастық экономикамен шектелмейді. Қазақстан мен Германия халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті. Сонымен қатар білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері де талқыланды.
Келіссөздер соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
The Times of Central Asia: Тоқаевтың Берлиндегі келіссөздері – Украина, Путин және Қазақстанға экономикалық қызығушылық
The Times of Central Asia Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары барысында Украинадағы қақтығыс, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы, энергетика және Германияның Орталық Азия шикізатына қызығушылығы негізгі тақырып болғанын жазды. Келіссөздерде Қазақстан мұнайының жеткізілімін арттыру, стратегиялық маңызы бар минералдар, неміс инвестициялары және Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік бағыттары да талқыланған.
Басылым Украинадағы жағдайға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Фридрих Мерцтің пікірлеріне тоқталған. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда қақтығысты қысқа мерзімде аяқтау қиын екенін айтып, алдымен соғыс қимылдарын тоқтатып, кейін дипломатиялық келіссөздерге көшуді ұсынған.
Осы тақырыппен сабақтас түрде басылым Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа да назар аударады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тығыз байланыстарды атап өтіп, Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаттарын ұстанатынын растаған.
Саяси мәселелермен қатар, энергетикалық ынтымақтастық та келіссөздердің маңызды бағыты болған. The Times of Central Asia Германияның Қазақстан мұнайын көбірек сатып алуға мүдделі екенін, ал Қазақстан жеткізілім көлемін ұлғайтуға ниетті екенін хабарлайды.
Ынтымақтастықтың келесі бағыты – стратегиялық маңызы бар минералдар. Қазақстан уран, хром, титан және Еуропа өнеркәсібіне қажетті басқа да материалдарды өндіреді. Астана шетелдік серіктестерді шикізатты өндірумен қатар, оны Қазақстан аумағында өңдеуге тартуды көздейді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев немістің шағын және орта өнеркәсіптік компанияларын Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырған.
Экономикалық байланыстарды кеңейтуде көлік-логистика саласының да маңызы зор. Басылым Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемін 20 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын жазады. Қазақстан сондай-ақ немістің көлік және логистика компанияларын, соның ішінде Ақтау портындағы жобаларға қатысуға шақырады.
Материал соңында басылым Германияның Қазақстанға қызығушылығының артуы өңдеу және өндіріс салаларына инвестиция тартуға, сондай-ақ шикізатпен бірге дайын өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтеді.
Anadolu Ajansı: қос президент екіжақты қарым-қатынастарды талқылады
Түркияның Anadolu Ajansı ақпарат агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинде Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Канцлер Фридрих Мерцпен жеке келіссөздер жүргізгенін жазды. Штайнмайермен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктесі деп атап, келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Бірлескен декларацияға қол қойды. Құжатта сауда, инвестиция, энергетика, көлік, цифрландыру және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге басымдық берілген. Сонымен қатар қос тарап БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинада жан-жақты, әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнатуды қолдайтынын мәлімдеді.
Ал Фридрих Мерцпен келіссөздерде экономикалық ынтымақтастықтың нақты бағыттары талқыланды. Тараптар өнеркәсіп, стратегиялық маңызы бар минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар мен қосылған құны жоғары өнім өндіру салаларындағы серіктестікті дамыту әлеуетін атап өтті.
Бұл бағыттар екі ел арасындағы сауда және инвестициялық байланыстардың ауқымымен сабақтас. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетіп, 13,4%-ға өскен. Соңғы 21 жылда Германияның Қазақстанға салған инвестициясы 8 млрд долларды құраса, бірлескен инвестициялық портфельде жалпы құны шамамен 54 млрд доллар болатын 40 өнеркәсіптік жоба бар.
Экономикалық серіктестікпен қатар, тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті. Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарды дамыту да келіссөздердің маңызды бөлігі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Берлиндегі келіссөздер нақты коммерциялық уағдаластықтармен де бекіді. Сапар қорытындысында Қазақстан мен Германия жалпы сомасы 2 млрд доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойды, деп жазады Anadolu Ajansı.
Еске салайық, Тоқаев Германия Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.