Тоқаевтың қытай тілінде еркін сөйлеуі жергілікті желі қолданушыларын тәнті етті

Фото: Фото: www.akorda.kz

Бүгін Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан Президенті баяндамасын қытай тілінде бастады, деп хабарлайды Kazinform.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеген видеосы бірден Қытайдағы түрлі әлеуметтік желілерде таралып, қызу қошеметпен қабылданды.

Қытайдың «Weibo» платформасында (Facebook-тің қытайлық нұсқасы - ред.) 35 миллионға жуық оқырманы бар ардагер БАҚ қызметкері Ху Сицзинь видеоны жариялап: «Бұл президенттің қытайшасы шынымен керемет екен», - деп пікір білдірді.

Жарияланым әп-сәтте 350 мыңға жуық рет қаралып, 360-тан астам адам пікір қалдырған.

Фото: видеодан алынған кадр

Қытайлық желі қолданушыларының бірі өз пікірінде: «Қазақстан президенті – Қытайда оқыған және Қытайды жақсы білетін шығыстанушы. Қазақстан – Қытай мен Ресей арасындағы ең үлкен мемлекет. Қытай мен Қазақстан Достығы мәңгі болады деп сенемін!» - дейді.

Фото: видеодан алынған кадр

Желі қолданушылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгергенін жоғары бағалады. Тіпті кейбіреулері Президенттің қытайшасы «көптеген қытайлықтан асып түседі» деп мақтады.

Айта кетейік, Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгеруі жергілікті БАҚ-тың назарын бірінші рет аударып отырған жоқ. Президент осы жылдың мамыр айында Қытайдың CCTV арнасына сұхбат берген болатын. Сол тұста да Қытай халқын таңқалдырды.

Күні кеше ғана Қытай БАҚ-тары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары туралы «Қытайша сөйлей алатын президент», «Қытайды жақсы білетін шетел президенті» деп жазды. Shanghai Observer сайты Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгергені туралы мақала жариялады.