Kazinform тілшісі аптадағы кино жаңалықтарына шолу жасайды.
Психолог
Жанры: комедия
Ұзақтығы: 90 минут
Ел: Қазақстан, 2026
Режиссер: Самат Сыржанов
Қанат пен Нұрбек — екі сантехник. Бір күні олар бай әйелдің элиталық пәтеріне құбыр жөндеуге келеді. Әйел ауыр ажырасуды бастан өткеріп жүр. Ол ашуланып, телефон арқылы психологпен сөйлесіп, депрессия, жалғыздық және өмірдің мәнсіздігі туралы әңгімелейді. Біраз уақыттан кейін Қанат пен Нұрбек үй иесін таба алмай қалады. Олар пәтерді іздеп жүріп, әйелді жабық бөлмеден табады. Әйел өзіне қол жұмсамақ болған екен. Сантехниктер дереу оған алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалады. Осы сәтте олардың әңгімесі күтпеген жерден шынайы сырласуға айналады. Қанат пен Нұрбек өз өмірлері туралы айтып, әзілдесіп, пікір таластырып, әйелді мұқият тыңдайды. Кәсіби психолог болмаса да, олардың қарапайым әрі шынайы сөздері әйелге жеңілдік әкеледі.
Kindik
Жанры: драма
Ұзақтығы: 120 минут
Ел: Қазақстан, 2026
Режиссер: Дархан Тулегенов
Түнгі төбелестен кейін үш жасөспірімге адам өлтірді деген айып тағылады. Олардың арасында мектеп мұғалімі Динараның ұлы Қуаныш та бар. Баласын кінәсіз деп білген ана оны қорғау үшін күреске кіріседі. Алғашында жасөспірімдердің аналары бірігіп, балаларын арашалауға тырысады. Алайда тергеу басталған соң, олардың арасындағы ауызбіршілік бұзылады. Ұлынан айырылып қалудан қорыққан Динара заң мен ар-ождан шегінен аттауға дейін барады.
Тоқылдақ
Жанры: драма, мистика
Ұзақтығы: 84 минут
Ел: Қазақстан, 2026
Режиссер: Арыстан Каунев
16 жастағы Олжас өзін қатарластарынан бөлек сезінеді. Мектепте оны үнемі шеттетіп, қорлайды. Ал үйде жалғыз өзі отбасының бар жүгін көтерген анасы ұлының жан дүниесінде не болып жатқанын аңғармайды. Жасөспірімнің жұбанышы – манга салу. Кезекті соққыдан кейін Олжас өзіне қиянат жасағандарды комиксіне қосып, сол арқылы қарымта қайтаруға тырысады. Көп ұзамай суреттегі оқиғалар шын өмірде қайталана бастайды. Өзін ерекше күшке ие сезінген Олжас кек алуға кіріседі. Тек осы кезде ғана анасы ұлының қаншама жан күйзелісін ішіне бүккенін түсінеді. Енді ол ұлын билеген тылсым күшпен де, баласының жан жарасымен де бетпе-бет келуге мәжбүр.
Ұмытпа
Жанры: отбасылық драма
Ұзақтығы: 90 минут
Ел: Қазақстан, 2026
Режиссер: Елдер Дүйсенұлы
Сабыр көп жылдан бері қарттар үйінде тұрады. Альцгеймер ауруына шалдыққанын білген соң, досы Ысқақ пен күтушісі Аружан оның көптен бергі арманын орындауға кіріседі. Ол – жалғыз ұлымен қайта қауышу. Бірақ әке мен баланың арасындағы ескі өкпе бұған кедергі. Естеліктері күн санап көмескіленген Сабыр өткенін еске алып, ұлымен татуласуға асығады.
Клифф Буттың жаңа хикаялары, (Новые похождения Клиффа Бута)
Жанры: экшн, драма, комедия, криминал, триллер
Ұзақтығы: 142 минут
Ел: АҚШ, 2026
Режиссер: Дэвид Финчер
1977 жыл. Лос-Анджелес. Бұрын актер Рик Далтонның дублёрі әрі каскадер болған Клифф Бут енді Голливуд киностудияларының мәселесін шешуге көмектесетін делдалға айналады.
Роберт Уилсон: жұмбақ сұлулық, (Роберт Уилсон: Красота – в загадке) Жанры: деректі фильм, өмірбаян, өнер
Ұзақтығы: 52 минут
Ел: Германия, 2026
Режиссер: Карл фон Карштедт
Бұл фильм Роберт Уилсон өнерінің құпиясына үңілуге мүмкіндік береді. Оның шығармашылығы туралы Том Уэйтс, Уиллем Дефо, Марина Абрамович, CocoRosie тобы мен Руфус Уэйнрайт ой бөліседі. Уилсон жарықты суретші бояуды қолданғандай шебер пайдаланды. Сахнада жұмбаққа толы, жарық пен көлеңке үйлескен ерекше әлем жасады. Оның осы бірегей стилі суреткердің басты қолтаңбасына айналды. Роберт Уилсонның өнері көзі тірісінде жоғары бағаланып, бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Колотун және сиқырлы патшалық, (Колотун и волшебное королевство)
Жанры: шытырман оқиға, фэнтези, отбасылық фильм
Ұзақтығы: 116 минут
Ел: Ресей, 2026
Режиссер: Олег Гусев
Снегиревтер отбасы – көлік ішінде сөзге келіп қалады. Жолдағы қар үйіндісінен айналып өтпек болғанда, үшеуі күтпеген жерден Сиқырлы патшалыққа тап болады. Онда олар зұлым сиқыршы Колотунды абайсызда босатып алады. Енді отбасы екі әлемді қатерден құтқарып, үйіне оралуы керек. Ол үшін сиқырлы Хронотронды іздеп, ертегі кейіпкерлерімен танысады. Ең бастысы, осы сапарда қайта татуласып, бір-біріне жақындай түседі.
Дүлей дауыл, Идеальный шторм
Жанры: детектив, экшн, шытырман оқиға, драма, триллер
Ұзақтығы: 119 минут
Ел: Испания, 2026
Режиссер: Фернандо Труллолс
2000 жылғы 30 желтоқсанда бір топ дос Баландрау тауының шыңына шығуға аттанады. Алайда ашық күн райы аяқ астынан бұрқасынға ұласады. Қатты жел мен қалың қардың астында қалған альпинистер тауда қамалып, аман қалу үшін күресуге мәжбүр болады.
Қарғыс атқан қобдиша: Ішіндегі зұлымдық, Шкатулка проклятия. Зло внутри
Жанры: детектив, қорқынышты фильм, триллер
Ұзақтығы: 98 минут
Ел: Индонезия, 2026
Режиссер: Динна Джасанти
Фильм колледж студентінің өмірін күрт өзгерткен жұмбақ сәлемдеме туралы. Оны алғаннан кейін студенттің інісі комаға түседі. Осы оқиғадан соң жігіттің өзі де қауіпті жағдайларға тап болып, қайғылы оқиғалар тізбегіне араласып кетеді.
Рокки – менмін, (Рокки – это я)
Жанры: биография, драма
Ұзақтығы: 128 минут
Ел: АҚШ, 2026
Режиссер: Питер Фаррелли
Бұл – Сильвестр Сталлоненің үлкен арман жолындағы күресі туралы шынайы оқиға. Жас актер Рокки есімді боксшы туралы сценарий жазады. Голливуд студияларының бірі оны сатып алуға дайын. Бірақ Сталлоне басты рөлді өзі сомдауды талап етеді. Студия басшылары бұған келіспейді. Соған қарамастан, актер қомақты қаламақыдан бас тартып, өз дегенінен қайтпайды. Тіпті отбасын қаржылық қиындыққа душар етсе де, арманына сенімін жоғалтпайды. Ақыры «Рокки» фильмі 1976 жылдың ең табысты туындысына айналады. «Оскардың» 10 номинациясына ұсынылып, үш аталым бойынша жеңіске жетеді. Соның ішінде «Үздік фильм» жүлдесін иеленеді.
Махаббатым менің, (Любовь моя)
Жанры: драма
Ұзақтығы: 135 минут
Ел: Испания, Франция, 2026
Режиссер: Родриго Сорогойен
Танымал режиссер Эстебан жаңа фильм түсіруге кіріседі. Басты рөлге 13 жылдан бері араласпаған қызы Эмилияны шақырады. Осылайша, қызымен қайта табысып, оның актерлік жолына көмектескісі келеді. Алайда екеуінің арасындағы ескі өкпе-реніш түсірілімге кедергі келтіреді. Көптен бері бір-бірінен алыстаған әке мен қыздың қарым-қатынасы сынға түседі.
Қаңғыбас, (Дворняшка)
Жанры: шытырман оқиға, комедия, анимация
Ұзақтығы: 85 минут
Ел: Бельгия, Франция, 2026
Режиссер: Янис Белаид, Жереми Дегрюсон
Біздің ауладағы ит көрмелерге қатысатын асыл тұқымды иттерге мүлде ұқсамайды. Ол жүлде мен атаққа қызықпайды. Бар арманы – өзін бар болмысымен қабылдайтын отбасы табу. Осы мақсатпен үлкен байқауға аттанады. Онда жергілікті «беделділермен» бәсекеге түсіп, көптің көзіне ілігуге тырысады. Алда оны қызықты оқиғалар мен жаңа достарға толы сапар күтіп тұр.
Кибер-қыздар, (Кибер-девушки)
Жанры: экшн, шытырман оқиға, драма, мелодрама, фэнтези, фантастика
Ұзақтығы: 102 минут
Ел: Гонконг, 2026
Режиссер: Veronica Bassetto, Sophie Yang
Бұл – ойын әлемінде табандылықпен күресіп, қоғамдағы қалыптасқан таптаурындарды бұзуға ұмтылған бес қыздың оқиғасы. Алайда олардың жолы оңай емес. Алда қыздарды талай күтпеген сынақ күтіп тұр.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.