ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық спортшы 52 келідегі алғашқы жекпе-жегінде Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероаны тізе бүктірді.
Ол енді 1/8 финалда франциялық Билал Беннаммен қолғап түйістіреді.
Билал Беннам - тәжірибелі боксшының бірі. Ол 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Аталған жарыста олар 49 келі салмақта жұдырықтасқан еді.
2020 жылғы Олимпиадада Қазақстан атынан тоғыз боксшы бақ сынауда. Оның 8-і - ерлер, біреуі - әйелдер бәсекесінде шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Бибосыновтан өзге Серік Теміржанов (57 келі) пен Закир Сафиуллин (65 келі) алғашқы кездесуін сәтті өткізіп, жарыстың келесі сатысына шыққан болатын.
Ал 27 шілдеде Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.