ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық Сәкен Бибосынов (52 келі) жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол бүгін ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен қолғап түйістірді.
Сәкеннің қарсыласы - Габриэль Эскобар 1996 жылдың 22 шілдесінде Испанияның Леганес қаласында дүниеге келген. Бүгінге дейін құрлықтық додаларда жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әзірге дүниежүзілік деңгейде жүлде алған жоқ.
Бүгінгі жекпе-жекте Сәкен қарсыласымен тартысты жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Бұдан бұрын жартылай финалға Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шыққан болатын.
Ал Сәкен Бибосынов бірінші жекпе-жегінде Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны 4:1 есебімен жеңсе, одан кейін франциялық Биллал Беннамнан 5:0 есебімен басым түсті.
Бүгін тағы бір қазақстандық Закир Сафиуллин (63 келі) ширек финал ойынын өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.