ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық Сәкен Бибосыновтың (52 келі) жартылай финалда кіммен кездесетін белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, бүгін ширек финалда қазақстандық спортшы испаниялық Габриэль Эскобардан 3:2 есебімен басым түсті. Енді оның жартылай финалдағы қарсыласы - ұлыбританиялық Галал Яфай.
Ол 1992 жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. Бұдан бұрын дүниежүзілік деңгейде жетістікке жете қойған жоқ.
Галал Яфай бүгін ширек финалда әлем чемпионатының үш мәрте жүлдегері атанған кубалық боксшы Йосвани Вейтияны 4:1 есебімен қапы қалдырып кетті. Одан бұрын армениялық Корюн Соломонянды, одан кейін замбиялық Патрик Чинембаны жеңді.
Жартылай финал 5 тамыз күні өткізіледі.
Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға бокстан ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Сәкеннен өзге бұдан бұрын жартылай финалға Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) шыққан болатын. Бүгін тағы бір қазақстандық Закир Сафиуллин (63 келі) ширек финал ойынын өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.