Токио-2020: Сынақтық жарыстардың қашан басталатындығы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті төртжылдық дода қарсаңындағы сынақтық турнирлердің екінші кезеңі басталатындығын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жарыс кестесіне 16 спорттық шара мен 20 мәдени іс-шара енгізілген.

«Соңғы кезең бағдарламасы 2019 жылдың қаңтарында хабарланады. 2020 жылдың мамырына дейін жалпы есебі 56 іс-шара өткізіледі деп жоспарлануда. Оның басым бөлігі 2020 жылғы Олимпиада ойындарында дайындық аясында өтеді. Ал қалған жарыстар Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің қолдауымен өткізіледі», - делінген хабарламада.

Сынақтық жарыстар Жапония тұрғындары мен жарысты ұйымдастырушыларға олимпиадалық нысандардың дайындығын байқауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама үшке бөлінген: алғашқысы 2019 жылдың қыркүйегіне дейін өтсе, екіншісі 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың ақпаны аралығында, үшіншісі 2020 жылдың наурызы мен мамыры аралығында өтеді.