ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық Кирилл Герасименко үстел теннисінен жарыстың келесі сатысына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған Чехиядан келген Любомир Янчарик қарсылас болды. Тартысқа толы кездесуде қазақстандық спортшы қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, үстел теннисінен Анастасия Лаврова жарыстың алғашқы сатысында жарыс жолынан шығып қалды.
Қазірге дейін Қазақстан қоржынына бір қола медаль түсті. дзюдошы Елдос Сметов 60 келіде үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айтулы аламанға жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.
Қазақстандық 97 спортшы күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.
Еске салсақ, Токио Олимпиадасы 23 шілдеде басталды. Ол 8 тамызда мәресіне жетеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы алты Жазғы Олимпиадада бақ сынады. Жалпы алғанда 21 алтын, 28 күміс, 64 қола медаль алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.