ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық теннисші Ярослава Шведова жарысты жалғастырудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарыстың алғашқы сатысында ол австралиялық Айле Томляновичпен кездескен болатын. WTA рейтингісінде Я. Шведова 454-орында тұрса, қарсыласы 51-орынға жайғасқан.
Қазақстандық теннисші бірінші сетте қарсыласына 5:7 есебімен жеңілді. Екінші сетте 2:3 есебі тіркеліп тұрған мезетте қазақстандық спортшы жарысты жалғастырудан бас тартты.
Айта кетейік, қазақстандық Елена Рыбакина пен Михаил Кукушкин жекелей сында жарыстың бірінші сатысынан іркілмей өтті .
Ал құрама сапынан Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Александр Бублик түрлі себептермен жарыс жолынан шығып қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.