Токио мен Сеулдегі Қазақстан азаматтары ең бірінші дауыс берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Токио мен Сеулдегі Қазақстан азаматтары ең бірінші дауыс берді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті.

«Шетелдегі шетелдік мекемелер жанынан 65 сайлау учаскесі ашылды. Қазақстанның шетелдік мекемелері жанында құрылған сайлау учаскелері туралы ақпараттар байланыс мәліметтері көрсетіле отырып, министрліктің сайтында және басқа да дерек көздерінде дер уақытында орналастырылды», - деді ол.

Р.Василенконың айтуынша, шетел мемлекеттеріне қызметтік, іскерлік немесе туристік сапармен барған Қазақстан азаматтары сайлау кезінде сайлау учаскелеріне келіп, төлқұжаттарын көрсеткенде сайлаушылардың тізіміне енгізіледі. Сайлау алдындағы күнгі жағдайға сәйкес шетелдегі сайлаушылардың тізіміне шамамен 14 мың азаматымыз тіркелген.

«Өткен жылғы президенттік сайлаумен салыстырғанда сайлаушылардың саны 6 мың адамға кеміп отыр. Бұл ең бірінші кезекте алдағы мерекенің ұзақтығына байланысты және біздің отандастарымыз мүмкіншілікті пайдаланып, Наурыз мейрамын туған-туыстарының ортасында өткізу үшін Қазақстанға келді», - деді Р.Василенко.

Оның сөзіне қарағанда, шетелдегі сайлау учаскелері де жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 7.00-ден кешкі 20.00-де дейін жұмыс істейді. Уақыт айырмашылығына байланысты біздің азаматтарымыз ең бірінші Токио мен Сеулде ашылған сайлау учаскелерінде Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4-те дауыс бере бастаған.

«Шетелде жүрген азаматтарымыз сайлауда белсенділік танытуда. Астана уақыты бойынша сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес шетелде барлығы 61 сайлау учаскесі ашылып, оларда 2 мыңнан астам отандасымыз дауыс берді. Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Бразилияда, ал одан кейін сағат 17.00-де Вашингтонда, Нью-Йоркте және Оттавада дауыс беру басталады», - деді ҚР СІМ орынбасары.