Табиғи апаттың негізгі соққысы Хонсю аралының орталығына келді. Сағатына 50 шақырымды құрайтын желдің екпіні және нөсерлі жаңбырлар электр тарату желілерін зақымдады, салдарынан 300 мыңнан астам үй жарықсыз қалды, деп хабарлады Sky News.
Осы уақытта «Джелават» астаналық өңірге қарай бағыт алды. Жапонияның билік өкілдері 100 мыңнан астам адамды қауіпсіз аймаққа көшіру жөнінде ақпарат таратты. Алапат дауыл Токиоға дүйсенбі күні кешке қарай жетеді деп күтілуде.
Жапониядағы «Джелаваттың» салдарынан 600 авиарейс кейінге шегерілді. Теміржол қозғалысы да тоқтатылды. Мамандар өзендер арналарынан тасып, су тасқынын тудырады деп секем алуда.
Дауыл келтірген шығынның көлемін оқиға куәгерлері ғаламторға салып жатқан бейнероликтерден көруге болады. Олардың бірінен желдің көлікті ауаға көтеріп, бірнеше ондаған метрлерге дейін ұшырып әкеткенін көруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, басқа БАҚ-дың таратқан хабарламалары бойынша «Джелават» дауылы жапондық Окинава префектурасына төнді, ол 17 мыңнан астам үйді жарықсыз қалдырды. «Джелават» биыл Жапонияның жағалауына жеткен 17-ші дауыл болды.