Токиоға аттанғалы отырған Бекзат Нұрдәулетовке Маңғыстау облысының әкімі сәттілік тіледі

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында бокстан қазақ елінің намысын қорғайтын Бекзад Нұрдәулетов пен оның бапкері Марат Жәкиевты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияда өтетін олимпиадада Б.Нұрдаулетов 81 келі салмақта жұдырықтасады.

Аймақ басшысы әлем көз тіккен спорттық додада маңғыстаулық былғары қолғап шеберінің жұлдызы жанатынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Бекзадты баптаған Марат Жәкиевке алғысын жеткізді.

«Бүкіл қазақ елі сіздерге жеңіске жету жолында күш-қайрат пен ерік-жігер, қайсар спорттық рух тілейді! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында миллиондаған жанкүйердің жүрегіне Отанға, елге, жерге деген мақтаныш сезімін ұялатып, көк байрағымызды көкке көтеретіндеріңізге кәміл сенеміз! Туған елдің даңқын асырып, жаңа биіктерді бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспіз. Ақ жол, сәт сапар тілейміз!» деді С.Трұмов.

Б.Нұрдәулетовтің жеке бапкері Марат Жәкиев - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бүгінде «Astana Arlans» командасының бас бапкері болып қызмет етеді. Ол осыған дейін әлем чемпионы атанған Ердос Жаңабергенов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов сынды оғыландарды үлкен шаршы алаңдарға шығарып, жұлдызын жаққан жаттықтырушы.

Айта кетер болсақ, Токиодағы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.