Тоқмұхамед Садықов нағыз ғалым, бақытты ұстаз, еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткері еді - С. Пірәлиев

trong>Қыркүйектің 26-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ -  Бүгін -  тарих ғылымдарының докторы,  танымал қоғам қайраткері,ҚР ҰҒА академигі  Тоқмұхамед Садықовтың туған күні. Бүкіл саналы ғұмырын  білім беруге, ұстаздыққа арнаған  ғалым тірі болғанда бүгін 71-ге толатын еді. Ірі тұлғаның өткен өмір белестері жайында  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевпен сұхбаттасқан едік.

  - Сіз үшін Тоқмұхамед Садықов қандай тұлға  болып еді, қандай еңбегімен ел есінде қалады деп ойлайсыз? Кеше өткен "І Садықов оқулары" атты ғылыми конференция жалғасын таба ма?

 - Академик Тоқмұхамед Садықов нағыз ғалым, ұстаз, еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткері еді. Дүниеден өтсе де, оның есімі ешқашан өшпейді, мәңгі өмір сүреді.  Ол өмірдің барлық тармақтарында жақсы жағынан көрсете білген адам. Кеше жиырма жылдан астам осы білім ордасына жетекшілік еткен  Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың құрметіне  "І Садықов оқулары" атты ғылыми конференция өткіздік"Садықов оқулары" болашақта ғылыми дәстүрге айналып, университет шеңберінде ғана емес, республикалық әрі халықаралық деңгейде өткізілетін болады. Ол шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - академик Тоқмұхамед Садықовтың  істеген ісі, еңбегі жастарға үлгі болсын дегеніміз. Еліміздің болашағы жастарға барлық байлық білім мен ғылымда екенін жеткізгіміз келді. Сонымен қатар, еске алу мақсатында және туған күніне орай бұл  ғылыми конференцияны ұйымдастырған едік.  Тоқмұхамед Садықовтың атқарылған игілікті істері, өкінішке орай, болашақ үшін беруге үлгере алмай кеткен жарқын істері "Садықов оқулары" арқылы өз жалғасын табады деген сенімдемін.  

 Өйткені, Т.С.Садықов белгілі ғалым әрі талантты ұйымдастырушы ретінде қажырлы еңбегімен, ұйымдастырушылық жігерімен, қайраткерлік қасиетімен елімізде әрі халықаралық білім кеңістігінде танымал болған азамат. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын еліміздің ұлттық білім беру жүйесінің дамуына, оның халықаралық білім кеңістігімен ықпалдасуына, білім беру жүйесіне  жаңа технологияларды енгізуге және білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау ісіне арнады. Ол қайраткер тұлға ретінде тек білім беру және ғылым саласында ғана еңбек еткен жоқ еді, сондай-ақ қоғамдық-саяси  істермен де белсенді айналысты. Тоқмұхамед Садықов 1989 жылдан 2008 жылға дейін  еліміздің білім, ғылым және мәдениет ордасы - Алматы қаласы жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, Алматы жоғары оқу орындарының ең өзекті деген мәселелерінің шешілуіне, озық тәжірибелердің алмасуына ұйытқы болған тұлға еді. Ал 1999 және 2005 жылғы еліміздегі Президент  сайлауларында ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі әрі сайлауалды штабының жетекшісі қызметін өз деңгейінде атқарғаны да баршамызға белгілі. 2007 жылы тамызда ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауда да штаб жетекшісі болған еді. Сонымен бірге, өмірінің соңына дейін Тоқмұхамед Сәлменұлы "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Саяси Кеңес Бюросының мүшесі, партияның Алматы қаласы филиалының жетекшілерінің бірі болды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы қауіпсіздіктің және саяси, әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықтың  өзекті мәселелерін талдап-саралайтын Ақылдылар алқасының мүшесі ретінде академик Тоқмұхамед Садықовтың енгізілуі, оның сан-қырлы қоғамдық-саяси қызметі мен біліктілігінің, парасаты мен интеллектуалдық қабілетінің лайықты өлшемі деп білеміз.

  Тоқмұхамед Сәлменұлы мемлекеттік және халықаралық марапаттардан да кенде емес еді. Оның Қазақстан Республикасының жоғары санатты  «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері екендігіне білім, ғылым және қоғамдық қызметтегі жетістіктері үшін берілетін халықаралық "Британ орденімен" және Гете медалімен марапатталғандығын  атап өтсек те жеткілікті деп ойлаймын. Дегенмен, біз Тоқмұхамед Сәлменұлын, ең алдымен, Педагог әрі Ғалым ретінде құрмет тұтамыз. Себебі, ол мыңдаған шәкірт, жүздеген ғалым тәрбиелеген бақытты ұстаз еді! «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деген дана халқымыз. Бұл тұрғыдан алғанда, ол еліміздің білім және ғылым жүйесіне, мәдениет, әкімшілік-басқару салаларына аса қажетті білікті мамандар даярлап, оларды тәрбиелеу ісіне өлшеусіз үлес қосқаны баршамызға аян. Сонымен бірге, тарих, педагогика, саясаттану ғылым салалары бойынша 21 ғылым докторы мен 100-ден астам ғылым кандидаттарын даярлаған ғалым. Сондықтан да оның негізін салып кеткен ғылыми мектебінің қанаты кең, ауқымы зор. Академик Тоқмұхамед Садықовтың ғылыми мектебі Отан тарихының өзекті мәселелері, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы, жоғары білім беру жүйесін одан әрі жетілдірудің және еліміздің мемлекеттік-саяси дамуының өзекті мәселелері бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл - әр адамның қолынан келе бермейтін, мәңгілік мұраға қалатын іс деп білемін.

   - Тоқмұхамед Садықов 20 жылдан астам осы оқу орынның ректоры болып жұмыс істегенін білеміз. Осы уақыт аралығында қара шаңыраққа сіңірген еңбегі туралы айтып өтсеңіз?

- Иә, Тоқмұхамед Садықов 20 жылдан астам осы оқу орынның ректоры болып жұмыс істеді.Ол қазақтың білімі мен ғылымының қара шаңырағы - қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне жетекшілік еткен жылдарында оның білім беру жүйесін де, ғылым ісін де жаңа сапалық деңгейге көтеруге аянбай тер төкті. Сол уақыт ішінде университеттің мәртебесін көтерді, оқу орны халықаралық дәрежеге ие болды. Ол жетекшілік еткен университет ұжымының ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық қажырлы еңбегі елімізде де, әлемдік білім кеңістігінде де өзінің лайықты бағасын алды. Білім беру саласындағы қызмет көрсету мен қоғамның әлеуметтік тапсырысын орындау сапасының жоғары деңгейі ескеріле отырып, университетке 2007 жылы ҚР Президентінің "Сапа саласындағы жетістігі үшін" сыйлығы, яғни «Алтын сапа» белгісі тапсырылды.  Ал халықаралық деңгейде университетке "Еуропалық сапа" және "Біріккен Еуропа" (Ұлыбритания) сыйлығы берілді. Сонымен бірге, Тоқмұхамед Сәлменұлының жеке бастамасымен 2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Италияның Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойып, республикамыздың жоғары білім беру жүйесінің халықаралық Болон үдерісіне енуіне нақты қадам жасалған болатын.  Бұның барлығы Тоқмұхамед Садықовтың қажырлы еңбегінің жемісі. ҚР ҰҒА академигі, көрнекті философ Әбдімәлік Нысанбаев:  "Оның жоғары білімді түбірінен жаңарту мен ғылыми жұмыстарды өрістету жолындағы еселі еңбектері менің санамда өшпес із қалдырды. Әсіресе, қиындығы мол жағдайда педагогикалық институтты университетке айналдыруға байланысты 80-ші және 90-шы жылдардағы орасан зор жұмыстары нәтижесінде бүгінгі Қазақтың ұлттық педагогикалық университеті қалыптасты",- деп, атап көрсеткен еді.

    - Оның  қоғамдық-саяси өмірдегі орны қандай еді?

 - Тоқмұхамед Садықов Қазақстан Республикасында білім және ғылым ісін ұйымдастыруда ғана емес, сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірде де белсенді қайраткер ретінде танымал болғаны белгілі, әрі тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп келе жатқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді өкілі ретіндегі лайықты тұлғаға айналды. Ал осынау жетістіктердің тасасында Тоқмұхамед Сәлменұлының ақыл-парасаты мен ерік-жігері  тұрғаны жасырын емес. Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың еліміздің өсіп-өркендеуі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз бола тұра, азаматтық ұстанымы берік, белсенді Азамат ретінде әлі де жастарға, халқымызға берері мол еді. «Жазмыштан, озмыш жоқ» демекші, тағдырдың салғанына шарамыз жоқ. Артында қалған отбасына, туған-туыстарына амандық, денсаулық, бақыт тілеймін.