ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Тоқтар Әубәкіров суға батып бара жатқан бес жасар баланы құтқарып қалды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 мамыр күні сағат 17.00 шамасында «Ақжол» демалыс орталығында болды.
Қызметтен тыс, сенбі күні отбасымен демалыс орнында болған Тоқтар Әубәкіров ата-анасының қарауынсыз қалған баланың суға тұншығып, батып бара жатқанын көріп, жедел әрекет еткен.
— Соның нәтижесінде 2019 жылғы бүлдіршін аман қалды. Департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жаншин Т.Әубәкіровті алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық табыс етті, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңадан бес жағажай ашу көзделіп отырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).