Тоқтар Төлешов неге өкінді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы билікті күшпен басып алмақ болған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің қылмыстық ісі бойынша соттың басталғанына жарты айдан асты. Қылмыстық істің материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтердің болуына байланысты сот жабық өтуде. Т. Төлешовке 18 ауыр және аса ауыр қылмыстар, соның ішінде адам өлтіру, айуандықпен азаптау, адам ұрлау және т.б. қылмыстар жасады деген айыптар тағылуда.

Макс пен Талғат - Т. Төлешовтің сыбайластары

Билік органдарының айтуынша, еліміздің өңірлерінде «жер митингілерін» ұйымдастыруға мұрындық болған осы Т. Төлешов. Айтарлығы, осы сотпен бір мезгілде «сыра королінің» қолындағы құралы болған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот басталады. Бірер айға сәл шегініс жасайтын болсақ, Боқаев пен Аянның көтерген шуын мемлекеттік төңкеріске жатқыза алмаймыз. Бірақ олардың қоғамдағы тыныштықты теңселткені айдан анық. «Қазақстанның экономикасын жаулап алуға әлекедей жаланған Қытайға қарсылық білдіруді» мақсат еткен екі белсендінің әрекеті іске асты. Жұртты заңсыз шеруге бастап шықты. Бірақ одан не өзгерді?

Жер реформасының түпкі мағынасын көпшіліктің түсінбегені рас. Мемлекет өзара диалогты көшеде емес, конструктивті пікірталас алаңында жүргізуге шақырды. Билік қоғаммен кең, конструктивті, жүйелі диалог орнату үшін жер реформасы бойынша комиссия құрды. Дер кезінде құрылған комиссия қоғамдық-саяси шиеленісушілікті төмендетті. Мемлекет басшысы жер заңнамасына 5 жылға дейін мораторий жариялады. Бірақ билік бұның бәріне қыруар күш-жігер жұмсады емес пе... Өз басым бұл жерде Макс пен Талғатты айыптамаймын да, жақтамаймын да... Бірақ олардың Тоқтар Төлешовпен сыбайлас болғанына қынжыламын. Ал Төлешовтің өзі қылмыс жасағанына өкініп, құзырлы органдарға хат жазды. 

Тоқтар Төлешов неге өкінді?

Жуырда «Faceboоc» желісінде Т. Төлешовтің қылмыс жасағанына адал көңілімен өкінгені жөнінде құжаттар жарияланды. ҰҚК-нің басшысына жазған өтініш-хатында «Шымкентсыра» ЖШС-нің экс-директоры Т. Төлешов Қазақстанда жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге қарсы шерулерді ұйымдастырғанын мойындады. «Халық мені қолдау үшін биліктің беделін түсіру керектігін білдім. Ол үшін әлеуметтік жарылыс жасау керек еді. Мұндай іс өз қолымнан келмейтінін түсіндім. Сол үшін Атыраудағы ерік-жігері мол Талғат Аянды іздеп-таптым. Ол өзінің соңынан халықты ерте алатынына сендім. Сондықтан ақшалай демеушілік жасап, «халық батырының» бейнесін сомдауды тапсырдым. Мен БАҚ-тарда ұзақ уақыт талқыға түскен жер реформасының болатынын білдім. Қазақтардың туған жерін қорғау үшін ештеңеден тайынбайтынын ескеріп, осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Сол үшін қызба мінезді тұрғындары көп Атырауды таңдадым. Және ол жердегі бүлікке қатысымның барын ешкім сезбейді деп түйдім. Сөйтіп, өз қызметкерлеріме Талғат Аянға 100 000 доллар жіберіп, «жер мәселесімен» айналысуға және қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы өсек таратуға нұсқау бердім. Мұндай әрекет жұртты дүрліктіріп, халық туған жерді қорғау үшін көтерілетінін білдім»,- делінген құжатта. Ол өзінің түпкі мақсаты халықтың билікке деген ашу-ызасын туғызу жолымен елде вице-президент лауазымын енгізуге қол жеткізуді көздеген. Бірақ Т. Төлешовтің арам ойы іске аспай, қамауға алынды.

Айтарлығы, Т. Төлешовтің хатындағы жауаптарының шынайылығын қорғаушысы Евгений Яворский растады. «Әлеуметтік желілерде жария болған хатты Т. Төлешов өз қолымен жазғаны рас. Қылмыстық істің құпия болғандықтан көп нәрсе айта алмаймын. Бірақ хаттаманы Т. Төлешов өз қолымен жазды. Ондағы жазу да, айтқан жауап та өзінікі. Ол мұны ешкімнің қысымынсыз өз еркімен жазды. Маған ешқандай шағым айтқан жоқ. Оған физикалық және психикалық қысым көрсетілген жоқ. Ғаламторда жария болған ақпараттан оқығанымыздай, ол өз қатесін түсініп, шынайы өкініп отыр»,- деп түсіндірді Е. Яворский отандық электронды БАҚ-қа берген сұхбатында.

Арам ақша опық жегізді

Тоқтар Төлешов өз қолымен жазған өкініш хатында атыраулық белсенділердің шеруін қаржыландырғанын мойындады. Осылайша Атырауда М. Боқаев пен Т. Аяндар ұйымдастырған шерудің түпкі мақсаты белгілі болды. Демек атыраулық белсенділердің жұртты заңсыз шеруге шақыруға арам ақшаның қатысы болғаны расталды. Макс Боқаев пен Талғат Аян ұран сөздерінде «Біз әділеттілік үшін күресеміз» деді. Алайда олар ұйымдастырған шерудің ақшасын Тоқтар Төлешов төледі ғой. Ендеше ол ақшаның қандай жолмен табылғаны анық. Есірткі сату, қару-жарақ саудасы, рейдерлік қылмыстар. Яғни, бір сөзбен айтсақ, арам ақша. Ал ондай ақшаның не мақсатқа жұмсалатынын білеміз. Бірақ арам ниеттілердің жоспары іске аспады. Құзырлы құқық қорғау органдары тосқауыл қойды. Мені толғандыратыны, бұған тосқауыл қоя алмай қалып, бейберекетсіздік ел аумағына жайылып кетсе не болар еді?

Сонау 2015 жылдың соңында Т. Төлешов өзінің сенімді серіктері арқылы Атыраудағы заңсыз шерулерді ұйымдастыруға ірі көлемде ақша жібереді. Соның нәтижесінде Макс Боқаев сәуір айында Атырауда, мамыр айында Алматыда рұқсат етілмеген қарсылық акцияларын ұйымдастырады. Т. Төлешов уақытша тергеу абақтысында отырып, айналасындағы адамдар арқылы өзі туып-өскен Сарығаштағы жаппай қарсылық акциясын ұйымдастыруға ұмтылған. «Тергеу абақтысында отырып, қорғаушымның көмегімен Сарыағаш ауданының тұрғындарын бүлікке шығаруға ұмтылдым. Мен қарсылық акциясына қатысқан әр адамға 200 доллардан таратып, кем дегенде 5 мың адамды жинауды ойладым. Бүліктен үрейленген билік мені босатады деп үміттендім. Бірақ олай болмай шықты»,- деп жазды ол өзінің өкініш хатында. Сонда артынан қатты өкінетінін білсе, әуелде неменеге кісімсіген? Соны түсінбедім.

Кемел Тортаев