Тоқтар Төлешовтің сыбайластары қандай жаза алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты мемлекетті күшпен басып алуға əрекет етті деген айып тағылған Тоқтар Төлешовтің биліктен тапқан сыбайластарын 3 жылдан 7 жыл аралығында бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Тоқтар Төлешов "билікке келгенде Жоғарғы Соттың лауазымын алып беремін" деп уәде еткен Ильяс Бақтыбаев (ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған - агенттік)   қатаң режимдегі колонияда  7 жыл отыратын болды. Ал, Ішкі істер министрі қызметінен дəмеленген Хибратулла Досқалиевті (ОҚО Ішкі істер департаментінің басшысы қызметін атқарған) сот мүлкін тəркілей отырып, бес жылға соттады.

Ал, бұл əрекеттері үшін сыйақы ала отырып, заңсыз жолмен Тоқтар Төлешовке,  əскери техника, əскери ұшақ, тіпті қару-жарағы сайланған əскерилерді жеткізіп берген екі əскери  бөлімнің командирлері 3 және 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

"55652 əскери бөлімінің бұрынғы командирі Қайрат Пернебаевты мүлкін тəркілей отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылсын.  Ол сондай-ақ, əскери атағынан айырылсын.  35748 əскери бөлімінің командирі Бекзат Жуминді 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылсын", - деді судья Ербол Ахметжанов.

Естеріңізге сала кетейік, атышулы Тоқтар Төлешовтің ісіне бүгін Астана қалалық  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты нүкте қойып, мемлекеттік билікті күшпен басып алуға тырысты деген оны 21 жылға бас бостандығынан айырды. Тоқтар Төлешовтің ұлы Төлеген Төлешов шартты түрде бес жылға сотталды.