Тоқтарбек Айдарбек сурдо дзюдодан әлем чемпионы атанды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қазақстандық спортшы Тоқтарбек Айдарбек Түркістанда сурдо дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Фото: Дзюдо федерациясы

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Тоқтарбек финалда оңтүстіккореялық Джунгму Янгты уақытынан бұрын иппон әдісімен ұтты.

Фото: Дзюдо федерациясы

Жартылай финалда отандасымыз жапониялық Томоко Такахашиден басым түскен болатын.

Жарыстың екінші күнінде Қазақстан қоржыны 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдемен толықты. Ерлер арасында Айдос Түгелбаев (-90 кг) күміспен күптелсе, әйелдер арасында Анна Краморова (-78 кг) мен Екатерина Чебышева ( 78 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Анастасия Тимошенкова (-70 кг), Еркебұлан Қанафин (-81 кг) және Сабыржан Хапизов ( 100 кг) ел қоржынына үш қола жүлдені сыйлады.

Айта кетерлігі, сурдо дзюдошылар әлем чемпионатының алғашқы күнінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, Қазақстан сурдо дзюдо құрамасы әлем чемионатының жекелей жарысын 3 алтын, 6 күміс және 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық медальдар кестесінде ІІ орынмен аяқтады.

Әлем біріншілігіне 24 елден 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың соңғы күніне командалық чемпионат жоспарланған.