Төлдердің қандай атауы бар
АСТАНА. KAZINFORM - Күйек байлау және күйек алу тәртібі бойынша, көктемнің мөлшерленген уақытында жаппай төлдеген кезде туған төлді шопандар тілінде күйек төл дейді. Ал, мезгілсіз уақытта, яғни ұрғашы мал күйектен бұрын қашып кетіп, қыста туған төлдерді «арамза» деп атаған. Себебі, ондай төлдердің қыста қатарға қосылуы қиын.
Сонымен бірге, барлығы төлдеп болғаннан кейін де бірен-саран мал төлдейді. Оны «кенже туды» деп атайды. «Қарақат» шаруа қожалығының бақташысы Мүбарак Әмалиаттың айтуынша, төлдердің ерте туғанынан гөрі, кеш туса да жерге көк шыққанда, уыз бен сүтке тойып өскені тез аяқтанады.
- Жалпы төлдің күйек уақытында туғаны жақсы. Күйекті қар кетіп, жер көктеген мезгілге жоспарлаған дұрыс. Ауа райына, малдың көп-аздығына байланысты төлдеу уақытын белгілейді. Малы аз адамдар, қорада төлдетіп алуға мүмкіндігі барлар ерте төлдетеді. Ерте туған мал ерте жетіледі деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда малдың күйі төмен қыс мезгілінде туған төл уызға, сүтке тоймайды. Сол себепті, дұрыс өспей қалады. Керсінше, көк шыққанда, уыз бен сүтке тойып өскені тез аяқтанады, - дейді бақташы.
Биылғы төлдеу науқаны қалай өтіп жатқаны жайлы жазған болатынбыз.