Енді олар күн сайын ЭКСПО-2017 көрмесінің келушілері үшін қызмет етеді.
Үшемдердің әкесі Исраил Тілеген - белгілі дипломат. Балалар үш жасқа толғанда И.Тілеген жұмыс бабымен Алматыдан Лондонға көшкен. Лондонда 3 жыл тұрғаннан кейін Астанаға келген. Арада 6 жыл өткен соң Нью-Йорке барып тұрақтаған. Нью-Йоркте 5 жыл жүріп, Куба аралына көшкен үшемдер биыл Гавана қаласында мектепті аяқтады.
«ЭКСПО-2017 көрмесі туралы өткен жылы естідік. Сол сәтте-ақ Лондон, Нью-Йорк, Гавана қалаларындағы достарымызды Астанаға шақыра бастадық. ЭКСПО көрмесін кей адамдар өмір бойы көрмеуі де мүмкін. Ал биылғы көрме өз Отанымызда өтіп жатқандықтан оған міндетті түрде барамыз және волонтер болып, өз энергиямызды қосамыз деп шештік», - дейді үшемдердің үлкені Төле.
Балалар 12 жыл бойы ағылшын тілінде білім алған және ЭКСПО еріктілеріне қойылатын тіл білу талаптарынан сүрінбей өткен. Бала кезден жүзумен, футболмен айналысқан үшемдер медициналық тексеруден де сәтті өтіп, ЭКСПО-ның еріктілер командасына еш қиындықсыз қабылданған.
Үшемдер ЭКСПО аумағына келушілердің билетін тексереді және кіру аймағында кезектің туындамауын қадағалайды. Одан басқа, жол сұрағандарға жөн сілтеп, жоғалған заттарды іздеуге де атсалысады.
«Алғашқы күні үшеумізге бірдей униформа кигізді, күзетшілер аң-таң. Олар үш куәлікте те бірдей фото тұр деп ойлады және бас-аяғымызға дейін мұқият тексеріп шықты. ЭКСПО-ға келгелі фотоға түспеген күніміз жоқ. Келушілерге де, қызметкерлерге де бірдей келбетіміз қызықты болды және көп адамдар Төлені қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновке ұқсатады», - деді Әйтеке.
«Түріміз ұқсас болғанмен, мінезіміз әртүрлі. Мәселен, мені достарым көпшіл, жауапты деп сипаттайды, Қазбек - тұйық және салмақты, ал Әйтеке - үйдің кенжесі, өте көңілді және мұңаюды білмейді», - деп толықтырды Төле.
Қыркүйек айында үшемдер 19 жасқа толады. Олар биыл мектепті тәмамдап, Голландия мен Канаданың жоғары оқу орындарында түсті. Төле - халықаралық бизнес, Қазыбек - заң, Әйтеке Канаданың Монреаль қаласында компьютерлік бағдарлама бойынша білім алмақ.
«Біздің үлкен ағамыз Жанболат Америка Құрама Штаттарындағы оқуын аяқтады және қазір Астана қаласында жұмыс істеп жүр. Әрине, біз де қажетті білім жинақтаған соң, елге ораламыз. Астананың күннен-күнге көркейіп келе жатқаны бізді қуантады. Біз де кейінгі тағдырымызды Астанамен байланыстырып отырмыз», - дейді Төле.