Төлеби ауданындағы 9 елді мекенге табиғи газ беріле бастады
Салтанатты жиында аудан басшысы жиналған жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеп, өзге елді мекендерге де газ жеткізу мәселелері қаралып жатқанын атап өтті. Әкімнің сөзінше, 2017-2019 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен 1млрд 988 млн теңгеге Тасарық ауылдық округіндегі Тасарық, Жамбыл, Ханарық, Оңтүстік және Қаратөбе ауылдық округіндегі Майбұлақ, Қостөбе, Қаратөбе, Балдыберек, Төңкеріс елді мекендеріне газ құбырының құрылысы жүргізілген болатын. Қазіргі таңда 9 нысанды сығымдау актілерімен орындаушы техникалық құжаттары рәсімделген.
Бүгінде 9 елді мекен бойынша 1542 абоненттің 793 абонентіне техникалық шарттар алынып, ішкі газ құбырлары жүргізілді. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на тіркелген. Бүгін пайдалануға берілген газ жүйесін қосқанда, аудан көлеміндегі 55 елді мекеннің 48-і табиғи газ жүйесімен қамтылмақ.