Төлеби ауданының тұрғындары ескі қорымға еркін кіріп-шыға алмай отыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Төлеби ауданының тұрғындары ескі қорымға еркін кіріп- шыға алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеби ауданына қарасты Нысанбек елді мекенінің тұрғындары ауыл іргесінде орналасқан ескі қорымға барып, өлгендердің рухына құран бағыштай алмай отыр. Себебі мазаратқа барар жол жоқ және ондағы жер теліміне оқу-сауықтыру орталығы орналасқан. Бұл жағдайдан жергілікті әкімдік те хабардар. Ауыл тұрғындары бірнеше рет арыз жазып, мәселені шешіп беруін сұраған.

«Арыз негізінде анықтау жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы Төлеби ауданы Нысанбек елді мекеніндегі «Қақпа – тас» әулие деп аталып кеткен мазаратқа баратын жол жоқтығы анықталды. Сонымен қатар сол аталған мазаратқа мемлекеттік акті рәсімдеу мүмкіндігі болмай отыр. Себебі осы мазаратқа баратын жол мен қазіргі мазарат аумағына автоматтандырылған ақпаратты жүйеде жалпы аумағы 17,0 га «Балдаурен Республикалық оқу-сауықтыру орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының кадастырлы №19-298-021-704 мемлекеттік актісі рәсімделген» - делінген Төлеби ауданы әкімдігінің баспасө қызметі ұсынған ақпаратта.

Бүгінде оқу-сауықтыру лагері қоршап пайдаланып жатқан жер телімінің жалпы көлемі – 14 га. Яғни қалған 3 га жер ойлы-қырлы болуына және мазарат орны мен мазаратқа баратын айналма жол аумағында болуына байланысты пайдаланылмай отыр.

Нысанбек елді мекенінің тұрғындарына жоғарыда аталған мазаратқа бару үшін «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығының қоршалған шекарасы арқылы өту қиын болғанына байланысты 2022 жылы аудан әкімдігі тарапынан айналма топырақ жол жасалынып берілген. Алайда топырақ жол жоғарыда аталған мекеменің қоршалмаған аумағымен өтіп отыр. Мазаратқа барар басқа жол мүмкіндігі болмай отыр. Өйткені мазарат аумағы таулы қыраттарда орналасқан. Осыған орай ауыл тұрғындарының «Қақпа – тас» әулие деп аталып кеткен мазаратқа баратын жолдың және мазарат шекарасын заңдастырып алу үшін және қажетті жер телімін аудандық арнайы жер қорына өткізу мақсатында «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы» кәсіпорынына арнайы хат та жазылған. Одан бөлек, өзге де құзырлы органдар мен тиісті салалық мекемелерге хат жазылып, мәселені шешу тұрғысынан жұмыстар жүргізілген.

«Аталған мазарат ескі қорымдардын бірі болғандықтан аудан әкімдігінің қаулысы негізінде Нысанбек елді мекеніне мазарат орны үшін жалпы ауданы 3,5 га жер телімі бөлінген. Жергілікті халықтың негізгі бөлігі осы мазаратқа жерлеу рәсімдерін жүргізеді. Алайда ауыл тұрғындары яғни Өмірзақовтар әулиеті жаңа қолданысқа берілген мазаратқа емес, 3 ғасырлық тарихы бар сол ескі мазарат орнына жерлеуді мақсат тұтып отыр», - делінген әкімдіктің ақпаратында.