Төлеби тауларында тағы 2 турист құтқарылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік тауларында тағы екі турист құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент қалалық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Бауыржан Тұяқбаевқа сілтеме жасап.

31 шілде күні сағат 15.55-те шұғыл кезекшілерге Төлеби ауданы Біркөлік ауылынан хабарлама келіп түскен. Атырау қаласынан келген 1996 және 1999 жылы туған екі турист Біркөлік шатқалындағы тауға шығып, өздігінен түсе алмай қалғандарын айтқан.    

«Іздестіру-құтқару жұмыстарына жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы шығып, сағат 17.50-де оқиға орнына жетіп, сол мезетте адамдарды құтқаруға кірісті. Рой атты іздестіруші иттің көмегімен тез арада маршрут табылып, кешкі сағат 20.00-де құтқарушылар туристерді  аман-есен құздан түсірді.  Жас жігіттердің хал-жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екен, олар медициналық көмекті қажет етпеді», - дейді Шымкент қалалық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Бауыржан Тұяқбаев.

Жыл басынан бері бұл тауда 4 төтенше оқиға орын алып, 6 адам құтқарылды. Оның ішінде 2 бала болған. Оларға алдын ала дәрігерлік көмек көрсетілген.    

Құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтарына тауға шығар алдында маршрутты мұқият зерделеп, бұл туралы жедел-құтқару жасағына тәулік бойы жұмыс істейтін 54-93-04 немесе құтқару қызметінің 112 телефондары арқылы хабарлау қажеттігін ескертеді.