Төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерге мемлекеттік қызметтер шектелуі мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар тұлғалар туралы ақпарат алатын болады. Тиісті норма жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген.

Фото: Polisia.kz

Атап айтқанда, заң жобасында медициналық деректерді ІІМ-нің автоматтандырылған жүйесіне біріктіру ұсынылады. Бұл көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жібермеу мақсатында қолға алынбақ. Мұндай жағдайларда тиісті диагноз қойылған сәттен бастап жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында төленбеген айыппұлдар немесе оларды төлеу туралы нұсқамалар болған жағдайда бірқатар мемлекеттік қызметтерді алу шектеледі.

Бұдан бөлек, заң жобасы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесін кеңейтуді көздейді. Бұл автожолдарда және мемлекеттік органдардың көліктерінде, жедел жәрдем қызметінде, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларда орнатылатын техникалық құралдар арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге бағытталған.

Айта кетейік, елімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында жоспарлы түрде ауқымды профилактикалық рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.