Төлешовке Қазақстанның тыныштығы керек емес
Бір жағынан алып қарасаң, «белсенділер ісінің» түсініксіз тұстары көп сияқты көрінеді. Екінші жағынан алып қарасаң, Талғат пен Макске тағылған айыптарды көріп - оның негізсіз емес екенін түсінесің.
Бұған дейін «Белсенділер ісі» туралы көпшілікке «заңсыз қамалды», «ешқандай кінәсі жоқ» деген бір жақты ақпарат тарады. Шындап қарасақ, көпе-көрінеу жалған ақпаратты тарата отырып М. Боқаев пен Т. Аян әлеуметтік желілерде, телефон арқылы тілдесулерде жер заңнамасына енгізілген өзгерістер жөнінде жалған мәлімет берген. Бұл ретте «Қазақстан Үкіметі Қытайға 1 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға береді» деген жалған ақпаратқа ерекше көңіл аударғаны байқалады.
Демек Қазақстандағы антиқытайлық көңіл күйдің толқыны солардан бастау алды. Атыраулық белсенділердің: «Біздің еліміздегі кәсіпорындардың көпшілігі қытайлардікі», «Аспан асты елі Қазақстанға ауқымды экспансиясын бастауға дайындалуда», «Қытайлар жеріміздің барлығын жаулап алмақшы» деген жалған ұрандары мен үндеулері «өзіндік» нәтижесін берді. Түптеп келгенде, 25 жыл бойы этносаралық келісім салтанат құрған елде «құбыжық қытайлықтың» бөжекей бейнесі пайда болды. Бұл ретте Талғат пен Макстың «үлкен еңбегі» айдан анық деуге болмас. Бірақ олардың елеулі «үлесін» қосқаны анық. Бұл менің жеке пікірім емес. Оны істеген ісіне өкініп жазған хатында шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешовтің өзі жұртқа жайып салды.
Кейбіреулер Т. Төлешов пен атыраулық белсенділер Т. Аян мен М. Боқаевтың арасында ешқандай байланыстың жоқтығын алға тартады. Бірақ... «сыра королінің» Т. Аян мен М. Боқаев ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуге берген түсінігі бар. Сол құжатта: «Мен Т. Аян және басқа тұлғалардың ісі бойынша куәгер ретінде тергеуге түсінік бердім. Осы жауабымды толық растаймын. Тергеу барысындағы тексеру, анықтау, біреумен беттестіру сияқты шараларға қатысудан бас тартамын» деп жазады. Бұған қоса, тергеушілерге куәгер ретінде түсінік берген Тоқтар Төлешов Атырауда «жер мәселесі» бойынша тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін Талғат Аянға 100 000 доллар көлемінде қаражат бергенін растаған. «Мен мұндай әрекетке жеке басымдағы саяси адуындылығымнан бардым. Сол қылығым үшім шын көңілден өкінемін»,- деді ол әлеуметтік желіде жарияланған өкініш хатында.
Жоғарыда «құбыжық қытайлықтың» қорқынышты бейнесі туралы айттық. Шын мәнінде қытайлардың біздің жерімізді жаулап алуға ниеті бар ма? Қазақстандағы кәсіпорындардың көпшілігі қытайлардікі ме? Мұндай пайымның шындықтан алыс екенін саясаттан хабары жоқ кез-келген отандасымыз біледі. Қытайлардың «жаулап алуға» емес, жұмыс істеуге қазақ жеріне келіп жатқаны рас. Ресми статистикаға қарасақ, қазір Қазақстанда 11 700 қытай азаматы жұмыс істейді. Және еңбек мигранттары жалғыз қытайлар емес. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға 29 458 рұқсат берілген. Соның ішінде 1716-сы - жетекшілер мен олардың орынбасарлары, 5550-і - құрылымдық бөлімше жетекшілері, Рұқсаттардың негізгі бөлігі, атап айтқанда 13382-сі үшінші (кәсіби мамандар) және 1876-сы - төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға берілген. Ресми ведомствоның ақпараты бойынша, еңбек мигранттары негізінен Қытайдан - 11713, Түркиядан - 3302, Өзбекстаннан - 3012, Ұлыбританиядан - 1490, Үндістаннан - 1274 және басқа елдерден келген.
Әрине, еңбек мигранттарының ішінде қытайлардың көп екені рас. Өйткені, Аспан асты елінде 1,5 млрд. халық тұрады. Бірақ соған бола «Қытайлар бізді жаулап алады» деп аттандаудың жөні бар ма? М. Боқаев пен Т. Аян «Үкімет Қытайға 1 млн. гектар жерді жалға береді» деген жалған сөзді неге жұртқа таратты? Олардың аузына мұндай арандатқыш ақпаратты кім салды? Мұны айтпай-ақ біліп отырмыз. Қазақстанда тұрақсыздық ошақтарын құруды ойлаған Т. Төлешов неге басқа өңірді емес, әуелі Атырауды таңдады? Елдегі билікті күшпен басып алуды жоспарлаған шымкенттік олигарх бұл сұраққа «Facebook»-те жарияланған өзінің өкініш хатында мынадай жауап жазады: «Я знал, что предстоят земельные реформы, которые долгое время муссировались в СМИ. Понимая, что казахи сильно привязаны к родной земле и готовы ради нее на все, я решил использовать это. Мною была сделана ставка на Атырау, где всегда было много горячих людей и где на меня никто бы не подумал. Поэтому я поручил своим подчиненным передать Аянову 100 000 долларов и мои указания заняться земельным вопросом, распространять слухи о том, что казахская земля будет продана иностранцам. Я знал, что это взбудоражит народ, и народ поднимется на защиту родной земли. На волне народного возмущения я надеялся, что будет введена должность вице-президента, которую, возможно, я займу. После чего через того же Аянова я мог бы остановить начатые возмущения и продемонстрировать свои возможности. Однако моим планам не дано было свершиться, так как я был задержан».
Т. Төлешовтің атыраулық белсенділерді қаржыландырғанын өзінің айналасындағы адамдары да растады. «Шымкентсыра» ЖШС-нің экс-директорының көмекшілерінің бірі тергеушілерге 50 мың АҚШ долларын өз еркімен табыстады. Бұл ақшаның Атыраудағыдай акцияларды басқа қалаларда ұйымдастыруға дайындалғаны даусыз. Сонымен қатар, Атыраудағы «жер митингілерін» ұйымдастыру үшін Т. Төлешовтің Т. Аянға қомақты ақша бергенін «М. Боқаев пен Т. Аянның ісі» бойынша тергеушілерге түсінік берген «Дархан Group» ЖШС бас директорының (бұл қызметті Т. Төлешов атқарғаны мәлім) іс басқармасының бастығы мен кассирі растаған. Алғашқысы сотқа дейінгі тергеуге берген түсінігінде: «Өткен жылдың соңында Төлешов ел аумағында көп шу туғызуға болатын «жер мәселесін» жан-жақты зерттеуді тапсырды. Бүлік шығару үшін ыңғайлы сәтті таңдау керектігін ескертті. Сол бүлік арқылы өзінің қылмыстық ортадағы байланыстарын пайдаланып, қоғамдағы беделін көтермек болды. Осы мақсатта Төлешов Шымкенттен алыс жерлерден, еліміздің басқа өңірлерінен оппозициялық бірлестіктердің өкілдерін іздестірді. Алдымен ол батыс өңірінің белсенділерімен қарым-қатынас орнатты»,- деп бар шындықты айтыпты. Ол ақшаны Т. Аянның банктегі шотына аударуды ұсынғанда Т. Төлешов бірден қарсы болып, сенімді бір адам арқылы жіберуді тапсырады. «Төлешов түсі сары, сырты желімделген бір конвертті қолыма ұстатып, «жер туралы құжаттар» екенін айтты. Оны бөтен біреудің қолына түспеуін қатаң ескертті» дейді көмекшісі. Ал кассирі 2015 жылдың қараша айының соңында Т. Төлешовтің өзін жұмыс бөлмесіне шақырып, іс басқармасының бастығына Т. Аянға жіберетін 150 000 АҚШ долларын беруді, бірақ есеп-қисап құжаттарында ешқандай белгі жазбауды тапсырғанын мойындаған.
Қоғамның ерекше назарын аударған бұл іске алдағы күндері болатын сотта нүкте қойылады деп сенемін.