«Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта қаралып жатқан Тоқтар Төлешов пе басқалардың сотына қатысып жатырмын. Мен «Шымкенсыра» зауыты директорының орынбасары болған Виктор Рулевскийдің адвокатымын. Соттың бүгін бірінші күні. Сот басталмай тұрып судья бұл істің жабық, құпия түрде өтетінін ескертті. 25 фигуранттартың адвокаттарының барлығы іс барысына қатысты комментарий бермеу туралы тілхатқа қол қойдық. Яғни, қандай да бір комментарий беруге біздің құқымыз жоқ», -дейді А.Бердібеков.
Бірақ, бұл адвокат өзінің қорғауындағы В.Рулевскийдің кінәсі бар дегенге сенбеймін дейді.
« Қорғаушы болғаннан кейін, өз қорғауымдағы адамның кінәсі дәлелденген жоқ деп есептеймін. Себебі, мен 2016 жылдың наурызынан бері осы іске қатысып келе жатырмын. Оның нақты кінәсі бар дегенге әлі көзім жеткен жоқ. Бұл менің пікірім, прокурордың ойы бөлек, судьяның ойы бөлек»,-деп қысқа қайырды А.Бердібеков.
А.Бердібековтің айтуынша, аты шулы қылмыстық іс 300 томнан тұрады, 150-ге жуық куәгер сұралады. Сондықтан, сот кемінде 2-3 айға созылуы әбден мүмкін дейді ол. Сот отырысы күнде сағат 10.00-18.00 аралығында өтеді.
Тоқтар Төлешов «Шымкентсыра» зауытының бұрынғы иесі еді. 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп, оны қолға түсірген болатын. Арада алты ай өткен соң, яғни, маусым айында ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Тоқтар Төлешов құзырлы органдар мен әскери саладағы ведомстволардан сыбайластар тапқан екен. Жалпы, осы қылмыстық істе 25 фигурант бар.