Төлешовтің қылмысына қатысы бар деген бір айыпталушы жазадан құтылып кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Тоқтар Төлешовтің қаржылық қылмысына қатысы бар деген тағы бір айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Сегіз адамның қатарында қылмыстық ісі қаралған «Шымкент сыра» зауыты директорының бұрынғы орынбасары Алексей Носков рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

46 жастағы директордың орынбасары болған Носковқа салықтан жалтарған және мекеменің мемлекет алдындағы басқа да төлемдерін төлемеуге ықпал еткен деп айып тағылған болатын. Еңбекші аудандық соты айыпталушыға үш жылға бас бостандығын шектеу және үш жыл бойына коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқармау туралы үкім шығарды. Алайда судья оның сот отырысы кезінде тергеу шараларына көмектескені және өз қылмысын мойындағанын ескере отырып, бұл бап бойынша рақымшылық заңына іліккенін айтты.

Еске салайық бұған дейін Еңбекші аудандық соты Тоқтар Төлешов ісіндегі айыпталушы Светлана Лукинаға үкім шығарып, 4 жыл шартты жаза тағайындаған болатын. Ол Қылмыстық кодекстің 245-бабының 3-бөлігі («Ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару») және 250-бабының 1-бөлігімен («Өкiлеттiктердi терiс пайдалану») айыпты деп танылып, шартты жазадан бөлек үш жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына шектеу қойылған еді. Ал, тағы бір айыпталушылардың бірі Мадияр Мұсаевтың бас бостандығын үш жылға шектеп, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыруға үкім шығарған. Дегенмен оған қатысты шығарылған үкімге рақымшылық заңы қолданылып, негізгі айыбынан босатылғаны белгілі.

Ал, Тоқтар Төлешовтің өзіне қатысты келесі сот отырысы 16-шы қазанда өтетін болып белгіленді.