деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семей қаласында теміржолшы отбасында өмірге келген ол оқушы кезінде-ақ Пионерлер сарайының драма үйірмесіне қатысты. Мектеп қабырғасында жүріп Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияда білім алып, С. Жүнісовтің «Ажар мен ажал» пьесасы бойынша қойылған спектакльде Олжатай рөлін ойнайды. Студияны бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, М. Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Ақжігіт, Штейннің «Таласында» Иван Позднышев, Қ. Мұхамеджановтың «Комиссар Ғаббасовында» подпоручик және тағы басқа рөлдерді сомдайды. 1973 жылы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы 2 жылдық студияға түсіп, театрда О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасында Жігіт, Л.Пиранделлоның «Өгей қызында» Сайқымазақты ойнайды. 1975 жылы студияны Р. Сейтметовтің сыныбында бітіріп, Көркемдік кеңестің шешімімен театрға актер боп жұмысқа қабылданады. Әрқилы комедиялық, драмалық және трагедиялық кейіпкерлерді жан-жақты ашып көрсете алған оған 1985 жыл «Ғасырдан ұзақ күн» қойылымында Едіге рөлі үшін Орталық Азия театрларының Ташкентте өткен І Халықаралық театр фестивалінде «Ер адам рөлін үздік орындағаны үшін» жүлдесі беріледі. Сондай-ақ театр қабырғасында жүріп Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын «Драма жәнге кино режиссері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шықты. Оның режиссерлік дебюті Көкшетау облыстық драма театрындағы Т. Қажыбайдың «Үкілі Ыбырай» қойылымы болды. Бұдан кейін облыстық театрларда бірнеше спектакль қойып, 1997 жылы М.Әуезов театрында «Әли баба және қырық қарақшы» 2 бөлімді мюзиклін сахналады. Қазіргі таңда Е. Обаевпен шығармашылық бірлестікте қойған «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай) мюзиклі, «Қара кемпір»(Ә.Әмзеев), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов) драмалары теар сахнасында табысты жүріп жатыр.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденің иегері Төлеубек Аралбай кино өнерінде, телесериалдарда әрқилы кейіпкерлерді өмірге әкелді.