«Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады - Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұжырымдамада тәрбиенің, адами құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің маңыздылығы ерекше орын алды. Оқыту барысында «Құндылықтарға бағытталған білім беру» тәсілі қолданылады. Білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, ұлттық мұраны қастерлеу, бір-бірімен сыйластық пен ынтымақтастық, мейірімділік пен қамқорлық, мемлекеттік мүддені қорғауға дайын болу сияқты негізгі құндылықтар аясында «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады», - деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол балаларды үйірмелермен қамту бағытына тоқталды.

«Қазіргі кезде қамту көрмсеткіші 70 пайызды құрады. Оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, музыка және өнер мектептері, балалар технопарктері ашылады. Білім беру ұйымдарында пікірталас қозғалысы, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару белсенді дамып келеді. Дебат қозғалысын және мектептердің парламенттерін барлық оқу орнында дамытамыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, шахматты елімізде кеңінен насихаттау бағытында білім беру ұйымдарына қолдау жасалады. Осы орайда қазір факультатив ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 600-ден астам мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларында 200 мыңнан астам бала қамтылды.

«Балаларды кітап оқуға баулу жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылады. Соңғы екі жылда мектеп кітапханаларына 3,6 млн балалар көркем әдебиеті сатып алынды, оның 71 пайызы мемлекеттік тілде. Бұл шын мәнінде керемет жоба. Одан әрі көркем әдебиет қоры жаңартылады. Әсіресе, қазақ тіліндегі ғылыми-фантастикалық әдебиетпен, танымдық әдебиетпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады», - деді ведомство басшысы.


Фото: t.me/KZgovernment